Жаңалықтар

Мерейтойлық 1000 теңгені қабылдамай жатыр: ҰБ не дейді

Фото: nationalbank.kz

Еgovpress телеграм-арнасында Жеңістің 80 жылдығына орай шыққан банкнотқа қатысты даулы видео пайда болды. Онда азаматтың ақшасын айырбастау пунктінде қабылдамай тұрғаны көрсетілген.

«ҚР Ұлттық Банкі жаңа банкнотпен бірге жаңа қиындық шығарып отыр», – делінген видеоның түсіндірмесінде.

Банкнотты қабылдамаса не істеу керек?

Ақшаны қабылдамағаны жөнінде видео тарағаннан кейін Kursiv.media тілшісі Ұлттық банктің баспасөз қызметіне хабарласып, осындай жағдайға тап болған азаматтар не істеуі керектігін сұрады. Ұлттық банктегілер мұндай жағдайда азаматтар аумақтық филиалдарға шағым қалдыруға болатынын айтты.

«Тек шағым жазған кезде нақты қай жерде қабылдамай жатқанын көрсету керек. Видеоға түсіріп, дәлел келтірсе жақсы. Сонда ғана шара қабылдауға болады», – дейді ҰБ баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Қазақстан Ұлттық Банкі 2025 жылғы 9 мамырда Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арнап номиналы 1 000 теңгелік мерейтойлық банкнотаны айналымға шығарғанын мамырда хабарлаған еді. Банкноталардың таралымы 5 миллион данамен шектелген.

«Номиналы 1 000 теңгелік мерейтойлық банкнота өз құнына сай Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында төлемнің барлық түрі бойынша қабылдануға жатады. Сондай-ақ банктік шотқа салуға, Қазақстан Республикасының барлық банкінде аударуға және ұсақталуға міндетті» деп ескерткен сол кезде Ұлттық банк.