Жыр болған «Мақсатты мектеп» жобасы тоқтатылды

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Алматы мектеп таңдау
Сурет ЖИ көмегімен дайындалды, бильд-редактор: Дина Карамчакова

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова білім беру саласындағы өзекті мәселелерге арналған республикалық кеңесте «Мақсатты мектеп» жобасының тоқтатылғанын мәлімдеді.

Министр елімізде балалар үшін қауіпсіз және қолайлы оқу ортасын қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын айтқан.

«Сондай-ақ, білім беру ұйымдарындағы сапа мәселесіне тоқталған министр «Мақсатты мектеп» жобасының тоқтатылғанын мәлімдеді. Биылғы оқу жылының алғашқы тоқсанының аяқталғанына қарамастан, білім беру ұйымдарына әлі күнге дейін басшы тағайындамаған өңірлер де бар. Жұлдыз Сүлейменова шалғайдағы ауылдарға кадр тарту мәселесін жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп тиімді шешу жолдарын қарастыруды тапсырды», – делінген министрлік хабарламасында.

Сонымен қатар педагогтерге қамқорлық таныту, құқықтарын қорғау мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Педагог мәртебесі» туралы Заңға өзгерістер енгізілетінін жазған.

«Өңірлердегі ұстаздардан министрлікке міндетінен тыс жұмыстар жүктеу туралы арыз-шағымдар жиі түседі. Сондықтан, әріптестеріміздің заңда нақты көрсетілген құқықтарының сақталуын талап етемін», – делінген хабарламада.

«Мақсатты мектеп» қандай жоба болды?

«Мақсатты мектеп» – білім беру сапасы төмен немесе орта деңгейдегі мектептерді жүйелі түрде дамытуға арналған арнайы мемлекеттік бағдарлама болған. Жоба ұстаздардың кәсіби шеберлігін арттыруға, олардың заманауи педагогикалық әдістерді меңгеруіне және білім беру сапасын жақсартуға бағытталған.

Айта кетейік, осыған дейін әлеуметтік желіде мұғалімдер қауымы «Мақсатты мектеп» жобасына қарсылықтарын білдірген. Олардың мәселесін министр Жұлдыз Сүлейменова бұл жобаны тоқтату туралы бастаманы Мәжіліс депутаты болған кезде қолдап, көтерген еді.

Сондай-ақ оқыңыз