
Chery компаниясына тиесілі премиум санатындағы Exeed бренді жаңа Exlantix ET5 гибридіне алдын ала тапсырыс қабылдаудың басталғанын хабарлады. Carnewschina мәлімдеуінше, Қытайда 13 қарашада тапсырыс қабылдау басталады. Орташа өлшемді бұл кроссовер Гуанчжоу автосалонында ресми түрде таныстырылады.
Exeed Exlantix жаңа буындағы технологиялық флагманға айналуды көздейді, бұл Horizon Robotics HSD интеллектуалды платформасы мен Journey 6P чипі орнатылған алғашқы сериялық көлік.
Сыртқы дизайны
ET5 өлшемдері бойынша классикалық орташа SUV үлгісіне жатады, ұзындығы – 4 780 мм, дөңгелек базасы – 2 800 мм. Дизайны да назар аудартпай қомайды. Көліктің «қабыршақ» тәрізді фаралар және үш деңгейлі жарық жолағы ерекше көзге түседі. Артқы бөлігіне жүздеген LED элементінен тұратын артқы жарық жүйесі қойылған.

Салондағы медиаорталық
Exlantix ET5 салонында эстетика мен жұмсақтық үйлесім тапқан. Алдыңғы панельде бірден үш экран орналасқан:
- 10,25 дюймдік цифрлық аспаптар панелі,
- 15,6 дюймдік орталық дисплей,
- 12,3 дюймдік экран алдыңғы жолаушыға арналған.
Көлік мультимедиа жүйесі Qualcomm Snapdragon 8255 платформасына негізделген, бұл жылдам жұмыс пен бірнеше тапсырманы қатар орындауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ iFlytek және DeepSeek компанияларының жасанды интеллектісі арқылы жүйе дауыс интонациясы мен сөйлеу мәнмәтінін түсіне алады.
Boyah Sound дыбыс жүйесінде 21 динамик бар және ол 7.1.4 форматында көлемді дыбыс береді.
Қосымша жайлылық үшін:
- панорамалық төбе,
- ішкі жарықтандыру,
- орындықтарды жылыту, желдету және массаж функциялары қарастырылған.
Гибридті жүйе және жүріс қоры
Жаңа Exeed Exlantix ET5 заманауи гибридті жүйемен жабдықталған:
- 1.5 литрлік турбо бензин қозғалтқышы (115 кВт),
- артқы электрлі мотор (195 кВт, 324 Н·м),
- LiFePO4 аккумуляторы (32,66 кВт·сағ).
Бұл комбинация тек электр қуатымен 205 км-ге дейін жүруге мүмкіндік береді. Ал жалпы жүріс қоры — 1300 км-ден асады, яғни алыс сапарларға өте қолайлы.
Exlantix ET5 жылдам зарядтауды қолдайды. Дегенмен, Қытайдағы түрлі стандарттарға байланысты басқа елдерде қосымша адаптерлер қажет болуы мүмкін.
Жүксалғышта кабельдерге арналған арнайы ұяшықтар, электрлі артқы есік пен жүк көлемін арттыратын жиналмалы сөре қарастырылған.
Exlantix бәсекелестері
Қытай нарығында жаңа Exeed Exlantix ET5 орташа өлшемді EREV-кроссоверлер сегментінде BYD Song L DM-i, Sealion 06 DM-i және Leapmotor C11 модельдерімен бәсекеге түседі. Бағасы 13 қарашада жарияланады.
Айта кетейік, Қазақстан нарығына жаңа EXEED RX PHEV гибрид кроссовері келді. Оның құны да белгілі, жаңа модель 22 990 000 теңге төңірегінде болады.