Lifestyle

Nissan қаржы дағдарысына байланысты штаб-пәтерін сатты

Nissan-ның таза шығыны шамамен 222 млрд иенді құрайды /Фото: Depositphotos

Nissan 2025 жылдың алғашқы жартысына арналған қысқаша қаржылық есебін жариялады. Компания ірі көлемде шығынға ұшырап, жылдың екінші жартысына арналған болжамын төмендетті. Қаржылық жағдайды тұрақтандыру жолдарының бірі ретінде Nissan Иокогамадағы штаб-пәтерін сату туралы шешім қабылдады.

Жапон концерні кеңсе ғимараты мен оның жер учаскесін сатты. Бұл жылжымайтын мүлік 97 млрд иенге (643 млн доллар) бағаланды. Компания бұл мәміледен таза табыс ретінде 74 млрд иен алды. Түскен қаржы өндіріс орындарын жаңғыртуға және Re:Nissan стратегиясы аясындағы басқа да шараларға бағытталмақ.

Компанияның жалпы қаржылық ахуалына келсек, қазіргі уақытта Nissan-ның таза шығыны шамамен 222 млрд иенді (1,4 млрд доллар) құрап отыр. Былтыр дәл осы кезеңде концерн пайдамен жұмыс істеген еді. Соған қарамастан, басшылық үнемдеуді басты бағыт еткен Re:Nissan стратегиясының жақын арада оң нәтиже бере бастайтынына сеніп отыр.

Nissan қазірдің өзінде тұрақты шығындарды 80 млрд иенге қысқарта алды. Бұл көрсеткіш 2025 қаржы жылының соңына дейін 150 миллиардқа жетуі тиіс. Сонымен қатар, 200 млрд иенге дейін қосымша үнем жасау жоспары бар, бірақ оны жүзеге асыру алдағы уақыттың еншісінде. Re:Nissan аясында Жапония мен шетелдегі бірнеше өндіріс орнын жабу жоспары да қарастырылған.