Енді полицияға жұмысқа тұру үшін таныс қажет емес – ІІМ талаптарды жеңілдетті

ІІМ ішкі істер органдарына қызметке қабылдау процесін түбегейлі өзгертетін жаңа «Qyzmet-Police.kz» платформасын іске қосты. Енді елдегі кез келген азамат полиция қызметіне таныс-тамырсыз кіре алады.
Құзырлы орган мәлімдеуінше, қызметке тұру үшін кезек күтудің қажеті жоқ, артық құжатта жинаудың да керегі болмайды. Барлық өтінімді онлайн форматта беруге болады.
«Платформа Қазақстанның барлық өңіріндегі вакансияны біріктіреді. Үміткер өзіне қолайлы қала мен бөлімшені, қызмет түрін таңдап, бірден өтінім жібере алады. Құжаттар сайтқа бір рет қана жүктеледі. Кадр бөліміне барудың немесе анықтамаларды қағаз түрінде тапсырудың қажеті жоқ«,– делінген хабарламада.
ІІМ іріктеу тек жүйе арқылы жүргізілетінін атап өтті. Әрбір қадам цифрлық із арқылы тіркеледі, бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін және адами факторды болдырмайды. Платформа таңдалған лауазым бойынша жалақы мөлшері мен тұрғын үй төлемдерін автоматты түрде көрсетеді. Өтінімнен бастап сұқбатқа шақыруға дейінгі барлық кезеңді онлайн режимде бақылауға болады.
«Qyzmet-Police.kz» платформасы — бұл жай ғана ыңғайлы сервис емес, ІІМ-нің кадр саясатын ашықтыққа, сенім мен әділдікке бағыттаған цифрлық трансформациясының маңызды бөлігі. Жоба әрбір азаматқа тұрғылықты жеріне немесе жеке байланыстарына қарамастан, ішкі істер органдарында қызмет етуге тең мүмкіндік береді«,– деп хабарлады ІІМ.
Еске салайық, Астанада дрондар мен зияткерлік тану жүйелерін пайдалана отырып, қоғамдық қауіпсіздік шаралары күшейтілді.