Lifestyle

Кейінгі жылдары шыққан 7 үздік отбасылық фильм

Фото: kursiv.media архивінен

Кешке қарай отбасы болып бас қосылғанда фильм қарайтын дәстүр қалыптастырғандар болады. Бұрын-соңды ондай дәстүр болмаса да, неге бірге фильм көрмеске? Бірге күліп, кей сәттерде бір жылап, кейін талқыласаңыздар, неткен ғажап?! Олай болса, Kursiv.Media тілшісі кейінгі 5 жылда шыққан отбасылық фильмдер топтамасын назарыңызға ұсынады. Мұнда Disney, Pixar-лардың үздік туындыларын топтастырдық.

1. «Элементарно» (Elemental, 2023)

Режиссері: Питер Сон
Дыбыстағандар: Лия Льюис, Мамуду Ати, Ронни дель Кармен
Студия: Pixar / Disney

Бұл картинада адамдар стихия түрінде бейнеленеді. Яғни су, от және ауа бірлесіп өмір сұреді. Жалынды Эмбер — от, Уэйд — су. Бір қарасаңыз, от пен су бірге бола алмайтындай көрінеді. Өйткені олар бір-бірін өшіреді деп ойлаймыз. Осындай тұнып тұрған қарсылыққа қарамастан, екеуі таңғажайып оқиғаларды бастан өткереді. Бұл екеуінің арасындағы сыйластық пен махаббат барлық кедергіге төтеп береді. Бұл фильмді көрген адам достықтың қадірін түсінеді. Оған қоса сан түрлі мәдениеттен тұратын қазіргі өміріміздің көрінісін көреді. Түрлі салт-дәстүр, құндылық, ұрпақтар арасындағы түсініспеушілік бәрі бар.

Неліктен отбасы болып көру керек?

  • Визуалы өте шебер жасалған. Әсіресе, от мен судың анимациясын керемет көрсеткен. Бұл бала тұрмақ, ересектерге де қатты ұнауға тиіс.
  • Тұнып тұрған пәлсапа. Адамның бәрі бірдей болмайтынын түсінесіз. Отбасы мен еркіндіктің бірін таңдау керек деп қатып қалмай, алтын аралығын табуға тырысуға шақырады.

2. «Загадай желание» (Wish, 2023)

Режиссерлері: Крис Бак, Фаун Вирасунторн
Дыбыстағандар: Ариана Дебоз, Крис Пайн, Алан Тьюдик
Студия: Walt Disney Animation Studios

Disney студиясының 100 жылдығы қарсаңында шыққан нағыз мерейтойлық жоба деп айтсақ болады. Басты кейіпкердің есімі Аша. Ол Магнифику деген патша басқаратын Розас сиқырлы патшалығында тұрады. Жылдар бойы халық оны басына көтеріп, бүкіл тілегін айтып, орындауын сұрап келген. Бірақ кейіннен оның «сиқыры» адамдарды басқаратын құрал ретінде қолданылып келгені әмбеге аян болады. Содан Аша адамдарға өз армандарына адал болу керек екенін түсіндірмек болады. Бұл фильмде еркіндік, сенім және жүйе әділетсіз болса, қарсы тұру керек деген ой айтылады. Бастысы, арманның адастырмайтынына сену керек дейді.

Неліктен отбасы болып көру керек?

  • Диснейдің анимациясымен жақсы таныс болсаңыз, бұл картинаның да визуалы керемет екенін бағамдап отырған боларсыз.
  • Джулии Майклс орындайтын саундтрек көңіліңізден шығуға тиіс.
  • Disney-дің дағдарыстан кейін жарқ еткен кезіне тап келген жылы туынды.

3. «Братья Марио» (The Super Mario Bros. Movie, 2023)

Режиссерлері: Аарон Хорват, Майкл Джеленик
Дыбыстағандар: Крис Пратт, Аня Тейлор-Джой, Джек Блэк
Студия: Illumination / Nintendo

Бұл фильм 2023 жылғы анимациялық туындылардың ішінде ең көп касса жинады. Бруклинде тұратын сантехниктер Марио мен Луиджи аяқ-асты Саңырауқұлақ патшалығына тап болады. Бұл жаққа зұлым Боузер қауіп төндіріп тұр. Енді ағайындылар патшалықты құтқармаса болмайды. Әлемге әйгілі ойынды фильм қылып бейімдегендіктен, көрермен көп болды. Сонау 90-жылдардан ностальгия сыйлайтын туынды шықты. Ішінде драйв та, әзіл де бар.

Неліктен отбасы болып көру керек?

  • Сюжеті ересекке де, балаға да қызық болады. Nintendo ойын әлеміне визуал сілтемелер жасалғандықтан, ностальгия сезіледі.
  • Дыбыстағандар құрамына қарасаңыз, жұлдыздардан тұрады.
  • Алты жастан асқан баласы бар үйге қарауға кеңес береміз.

Қызық дерек: Фильм прокатқа шыққан соң 1,3 миллиард доллар касса жинаған. Бұған дейін рекордты«Холодное сердце 2» ұстап тұрған еді.

4. «Вонка» (Wonka, 2023)

Режиссері: Пол Кинг («Паддингтон»)
Рөлдерде: Тимоти Шаламе, Хью Грант, Оливия Колман
Студия: Warner Bros. Pictures

Әйгілі шоколад фабрикасы тарихы туралы түсірілген пре-квел. Вилли Вонка есімде жас өнертапқыш шоколад жасап бизнес ашсам деп армандайды. Бірақ іштар бәсекелестермен бетпе-бет келіп, көп теперіш көреді. «Вонканы» көріп отырып арманға жетпей қоймау керегін, қайтпас қайсарлықтың маңызын түсінесіз. Ескі мюзиклдер стилінде түсірілген туынды жасқа да, ересектерге де ұнайтыны сөзсіз. Оған қоса басты рөлді Тимоти Шаломе шебер алып шыққан.

Неге отбасы болып көру керек?

  • Әзіл-қалжыңы үйлескен, музыка керемет таңдалған. 60-жылдардағы визуал эстетика берілген.
  • Режиссердің жұмысы өте мықты.
  • «Чарли және шоколад фабрикасы» сынды туындыларды көріп өскендерге айрықша ұнайды.

5. «Лайл, Лайл, Крокодил» (Lyle, Lyle, Crocodile, 2022)

Режиссерлері: Джош Гордон, Уилл Спек
Рөлдерде: Хавьер Бардем, Констанс Ву, Шон Мендес (дауысы)
Студия: Sony Pictures

Әнші қолтырауынды ваннадан тауып алған отбасы туралы фильм. Мұнда достық жайлы сыр шертіледі. Не жағдай болып жатса да, өзіңізді бақытты сезіну керегін түсінесіз. Басқа түскен істі де қабылдауға шақырады. Фильмдегі музыканы The Greatest Showman хиттерінің авторы жазған. Ал қолтырауынды әнші Шоу Мендес дыбыстаған.

Неге отбасы болып көру керек?

  • Актерлердің ойыны мен анимацияны шебер үйлестірген.
  • Ішінде көп ән айтылады, күлкі сыйлайтын сәттерге толы туынды.
  • 5 жастан асқан балаларыңыз болса, бірге отырып көруді ұсынамыз.

6. «Семейный план» (The Family Plan, 2023)

Режиссері: Саймон Селлан Джонс
Рөлдерде: Марк Уолберг, Мишель Монаган
Платформа: Apple TV+

Бәрінен биік көріп жүрген мінсіз әкеңнің өткен өмірі туралы білсеңіз, нендей сезімде болуыңыз мүмкін? Елестете алмайсыз ба? Онда фильмді қарап шығыңыз. Марк Уолберг отбасынан бұрынғы өмірін, арнайы агент болғанын көп жыл бойы жасырып келген. Бір күні отбасылық демалыс кезінде сол құпияны жария болады. Мұнда тыңшылар туралы боевик пен отбасылық комедия жанры араласып жатыр. Сөйте тұра мағынасы терең, сенім, отбасы жайлы әдемі ой түйгізеді.

Неге отбасы болып көру керек?

  • Сюжеті жеңіл, әзіл-қалжыңға толы туынды.
  • Актерлер құрамы керемет үйлескен.
  • Экшн мен эмоцияның арасында баланс сақталған.

7. «Магический слон» (The Magicians Elephant, 2023)

Режиссері: Венди Роджерс
Дыбыстаған: Ноа Джуп, Бенедикт Вонг, Миранда Ричардсон
Студия: Netflix Animation

Питер есімді бала туралы оқиға. Ол тұратын қаланың тұрғындары әбден қажыған, жақсылыққа сенбейді. Өте сондай күңгірт, көңілсіз мекенде тұрады. Сөйтіп бір күні сиқырлы келіп Питерге: «Пілдің соңынан ере берсең, әпкеңді табасың» деп ақыл айтады. Осылайша ол сапарға аттанады. Фильм XXI  ғасырдың ең мықты балалар жазушыларының бірі саналатын Кейт ДиКамиллоның романының желісі бойынша түсірілген.

Неге отбасы болып көру керек?

  • Сюжеті терең мағынаға толы. Андерсеннің ертегілері көңіліңізден шығатын болса, бұл туынды да ұнайтын болса керек.
  • Анимациясы көркем жасалған.
  • Бірнеше ұрпақты байланыстыратын таңғажайып жылы оқиға баяндалады.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін бұған дейін «Кинопоисктегі үздік 6 қазақша фильм» туралы жазған едік.