
Honda компаниясы АҚШ-та 2016–2021 жылдары шығарылған Civic маркалы шамамен 406 мың көлікті ерікті түрде кері қайтарып жатыр. Бұл туралы автоконцерннің ресми сайтында хабарланды.
Компанияның түсіндіруінше, көлікті кері қайтаруға өндірістегі ақау себеп болған. Алюминийден жасалған 3276 дөңгелек дискіде болттар бекітілетін жерлерге орнатылуы тиіс болат шеге болмауы мүмкін. Мұндай жағдайда дөңгелек орны майысып, бекіткіштер босап, қозғалыс кезінде доңғалақ ажырап кетуі ықтимал.
Honda көлік иелеріне ресми дилерлік орталықтарға барып, көліктерін тегін тексеруден өткізуге кеңес берді. Компания мәліметі бойынша, 7 қарашаға дейін бұл ақаудан жол апаты тіркелмеген.
Компанияның дерегінше, аталған жүйедегі ақау 412 көлікте тіркелген.
Бұл – Honda-ның биылғы алғашқы кері шақыруы емес. 2025 жылдың қаңтар айында компания АҚШ-та 295 мыңнан астам көлікті қайтарып алған еді. Ол кезде авариялық тежеу жүйесінің өздігінен қосылып кету қаупі анықталған болатын.
АҚШ-тың Ұлттық жол қозғалысы қауіпсіздігі басқармасы (NHTSA) мұндай ақау кенеттен тежеу салдарынан жол апаты қаупін арттыратынын хабарлаған. Сол кезде 2019–2022 жылдары шығарылған Honda Passport және Honda Insight үлгілеріндегі көліктер кері шақырылған еді.
Осыған дейін Құрама шаттардың Жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтандыру институты (IIHS) краш-тест нәтижелері бойынша ең қауіпсіз автокөліктер тізімін жариялаған еді.