
Қазақстан тұрақты авиациялық отын (SAF – Sustainable Aviation Fuel) өндіру жобасын іске асыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Энергетика министрлігінде өткен кездесуде мәлім болды.
Вице-министр Қайырхан Тұтқышбаев Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) Еуропалық және Солтүстік Атлант аймақтық бюросының директоры Николя Ралломен авиация саласын экологиялық тұрғыдан дамыту және тұрақты авиаотынды енгізу мәселесін талқылаған.
Министрліктің хабарлауынша, Қазақстан «жасыл» экономикаға көшу бағытын ұстанып, жаңартылатын энергия көздері мен экологиялық жобаларды дамытуға ерекше мән беріп келеді. Осы бағыттағы басым міндеттердің бірі – экологиялық таза авиаотын өндіруді жолға қою.
Энергетика министрлігі бұл жобаны АҚШ-тың LanzaJet компаниясымен бірлесіп жүзеге асыруға ниетті.
Қайырхан Тұтқышбаевтың айтуынша, елдегі мұнай өңдеу зауыттары жақын арада Jet A-1 маркалы авиаотын шығаруға дайын. Бұдан бөлек, 2026–2032 жылдар аралығында отандық зауыттарда авиаотын өндірісін 1,7 млн тоннаға дейін ұлғайту көзделген.
Тұрақты авиациялық отын – жаңартылатын шикізаттан алынатын, реактивті ұшақтарға қосымша техникалық өзгеріссіз құйылатын және парниктік газдар шығарындыларын айтарлықтай азайтатын экологиялық балама отын түрі.
Қазақстан экологиялық таза авиаотын шығаруға мүдделі. Өйткені 2028 жылдан Қазақстаннан Еуропаға қатынайтын әуе компанияларына экологиялық таза авиаотын пайдалану міндеттеледі. 2024 жыл басында «ҚазМұнайГаз» сынақтан өткізіп жатқанын хабарлаған.