
Ресей қазақстандық жүк тасымалдаушылар үшін елде жүру мерзімін бұрынғыдай 180 күнге дейін ұзарту мүмкіндігін қарастыратынын мәлімдеді.
Қазір шетел азаматтарының Ресей аумағында тіркеусіз жүру мерзімі бір жыл ішінде 90 күнмен шектелген.
Бұл мәселе Астанада өткен Қазақстан мен Ресей арасындағы Үкіметаралық комиссияның отырысында қаралды. Кездесуде ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин және РФ үкімет төрағасының орынбасары Алексей Оверчук көлік саласындағы ынтымақтастықты, соның ішінде Достық – Мойынты теміржол учаскесіндегі жүк тасымалын арттыру және Қытай – Еуропа – Қытай бағыты бойынша транзит көлемін көбейту мәселелерін талқылады.
«Қазақстан-Ресей өткізу пункті арқылы өтетін жүктердің перспективалық көлемін бірлесіп бағалау туралы, сондай-ақ екіжақты және транзиттік қатынастағы жүк ағынын ұлғайту үшін «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін дамытуға одан әрі жәрдемдесу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді», – делінген ҚР Үкіметі баспасөз қызметінің хабарламасында.
Сондай-ақ тараптар ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдері саудасын кеңейтуге уағдаласты.
Ресей тарапы Қазақстаннан зығыр мен жасымық тұқымдарын әкелуге қойылған фитосанитарлық шектеулерді алып тастау, сондай-ақ астық және бұршақ дақылдарының транзитіне және оларды Ресей аумағында жинақтауға мүмкіндік беру мәселесін қарастырады.
Бұған дейін Қытай Қазақстан жүргізушілеріне шексіз рұқсат беретіні хабарланған.