Жаңалықтар

Қытай АҚШ-қа кейбір тауарларды экспорттауға қойылған тыйымды уақытша алып тастады

Қытай кейбір шектеулерді алып тастады / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қытайдың Сауда министрлігі 2024 жылы АҚШ-қа қатысты енгізілген экспорт шектеулерінің бір бөлігін уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұл туралы ведомствоның ресми хабарламасында айтылды.

Министрліктің мәліметінше, 2024 жылғы №46 қаулысының екінші тармағында көзделген шектеулердің күші 2026 жылғы 27 қарашаға дейін тоқтатылады. Аталған құжат АҚШ-қа екі мақсатта пайдалануға болатын (яғни, азаматтық және әскери салада қолданылатын) бірқатар тауарлардың экспортын бақылауға бағытталған еді.

Сөз болып отырған тауарлар тізіміне галлий, германий және аса қатты материалдар сияқты стратегиялық маңызы бар өнімдер кіреді. Бұл элементтер жартылай өткізгіштер, оптикалық құрылғылар, аккумулятор, сондай-ақ қорғаныс және ғарыш техникасы өндірісінде кеңінен қолданылады.

Сауда министрлігі бұл шешімді «қазіргі халықаралық экономикалық жағдайды ескере отырып және сауда қатынастарын тұрақтандыру мақсатында» қабылдағанын атап өткен.

Жақында Оңтүстік Кореяда Дональд Трамп пен Си Цзиньпин кездескен.