Lifestyle

Күн суықта бетке қалай күтім жасау керек

Күн суытқанда, бетке қалай күтім жасау керек /Фото: shutterstock.com

Күн салқындай бастаған кезде бет терісі көбіне құрғай бастайды. Оған қоса күздің ортасында қаланың үйлеріне жылу қосылып, батареялар істеп тұрады. Бұл болса үйдегі ауаны құрғататыны белгілі. Мұндайда не істеуге болады? Неліктен күн суығанда теріге көбірек мән беріп, күтім жасау керек? Осы туралы айтайық.

Суықтан тері стресс алады. Қалай?

Күн суығанда терінің физиологиясы да теріні өзгертеді. Яғни температура төмендеген кезде қантамырлар жылу сақтайын деп қысыла бастайды. Міне, содан теріге оттегі де, нәр беретін заттар да бұрынғыдан азырақ барады. Соған жауап ретінде теріде себум аз бөліне бастайды. Бұл болса табиғи қорғанысты әлсіретеді. Ғылым тілімен түсіндіргенде терінің «құбылатыны» осыдан.

Қызық дерек: +8 °C-тан төмен температурада май бездері жұмысын тоқтатады десек болады. Сондықтан теріңіз майлы болса да, қыстың күні құрғап, сезімтал болып кетеді. Ал табиғатынан құрғақ терілердің халі нендей болатынын елестете беріңіз.

Ауа райына қарай күтімге арналған заттарды да жаңарту керек

Суық күні теріге қорғаныс пен нәр беретін заттар керек. Крем сынды жақпаймайлардан бөлек, қыста тамақтанғанда да күш беретін, пайдалы тағамдарға көшкен абзал. Бұл теріңізге көмектесетіні сөзсіз.

1. Құрамы агрессив өнімдерді пайдаланбаңыз

Бұл қатарда сульфаты бар гельдер мен спирті бар мицелляр суларды айтуға болады. Қыста ол теріңізге зиян. Сондықтан оның орнын мына өнімдермен баса аласыз:

  • Тері күтіміне арналған сүттің ішінде сұлы немесе түймедек экстрактілері қосылса жақсы болады.
  • Бетті тазартуға бальзамдар мен майлар (hydrophilic oil) қолданыңыз.

Өнімнің агрессив екенін анықтау оңай. Ол үшін жуынғаннан кейін бетіңізді бақылаңыз. Біртүрлі тартылып, жыртылып кететіндей сезілсе, демек құрамы қуатты деген сөз. Сәл жұмсартқан дұрыс.

2. Тері құрғай беретіндіктен, ылғаландырып, қорғауымыз керек

Айтқандай, күн суығанда тері қатты құрғайды. Сондықтан ылғалғандыру қажет. Жай жуғаннан бетке су бармайды. Сол ылғалы ұстап тұруға тырысуыңыз қажет.

Ол үшін мынадай үш қадамды жасаңыз:

  1. Құрамында гиалурон қышқылы бар тоник пайдаланыңыз.
  2. Ниацинамид, пантенол немесе бета-глюканы бар сарысу керек.
  3. Церамид, сквалан, ши немесе авокадо майы бар крем жағыңыз.

Берер кеңесіміз: Жақпамайды далаға шығардан шамамен 30-40 минут бұрын жаққан дұрыс. Теріге сіңіп үлгерсін. Әйтпесе құрамындағы су аязға шыққанда бірден қатып, теріге одан сайын зиян тигізуі мүмкін.

3. Терінің түріне қарай крем таңдауды үйреніңіз

Теріңіз қандай?Оған қыста қандай күтім керек?Не нәрселерді қолданбаған дұрыс?
ҚұрғақҚұрамында майлары бар кремдер керек (ши, макадамия, гиалурон қышқылы)Ұнтақ сияқты опа, бетті тегістеп, күңгірт қылатын өнімдерді алмаңыз
МайлыНиацинамид, мырышы бар жеңіл, нәрлендіретін кремдер алыңызАгрессив тониктер мен скрабтарды пайдаланбаған абзал
КомбиБаланс сақтау керек. Мұндайда керамидтері бар гель-кремдер жақсыСалицил қышқылы бар өнімдерді алмаңыз
СезімталАлоэ, пантенол, центелласы бар формулалар үйлеседіҚұрамында спирт, қышқылдар болмауы керек. Теріңізді құртады

Теріні қыс мезгіліне қалай бейімдейміз?

Күзден қысқа ауысқан кезде теріге бейімделуге мүмкіндік беру керек. Әсіресе, сезімтал теріге абай болмаса болмайды. Олай болса, терімізге мұндай кезде қалай көмектесе аламыз? Сол туралы талқылайық.

  1. Текстураларды біртіндеп ауыстырыңыз. Жаңа өнімдерді бір-бірлеп қосып, теріні үйретіп алыңыз. Әйтпесе, бәрін бірден қосқанда тері «стресс» алып қалуы мүмкін.
  2. Жатарда маскалар пайдаланыңыз. Жағатын маска болсын, бетке тағатын түрі болсын — көмектеседі. Ұйықтап жатқанда келесі күнге керек қорғаныс қабатын қалыпқа келтіреді.
  3. Дәрумендерден Омега-3 пен D дәруменін қосыңыз. Денсаулығыңызды жақсартып қана қоймай, күн шуағы азайғанда соның есесін толықтырып, теріге іштен нәр береді.
  4. Үйде ауа құрғақ болмасын. Бұл өте маңызды. Бөлмедегі ылғалдық деңгейі шамамен 45–55% болғаны жөн. Ауа ылғалдандырғыш алып қойсаңыз, теріңізге жақсы әсер етіп, ауырмауыңызға септігін тигізеді.

Ерін мен қолға да күтім керегін ұмытпаңыз

Ең бірінші зақымданып бастайтын зона – ерін мен қол терісі. Өйткені олар өте нәзік. Сәл күн суыса қолыңыз бен ерніңіз жарылып кетеді, байқаған шығарсыз.

  • Ерінде май безі болмайды. Оның тез құрғап, жарылып кететін себебі сол. Оған нәр беру үшін ши, балауыз және E дәрумені бар бальзамдар жаққан дұрыс.
  • Қолдың терісі де тым нәзік. Оған глицерині бар тығыз кремдер жағып нәрлендірмесе болмайды. Қол жуған сайын жақсаңыз да артық болмайды.
  • Жатарда қолға маска жасаңыз. Ол үшін аямай, шылқытып крем жағыңыз да, зығыр қолғап киіп алыңыз. Таңертең қолыңыз жұп-жұмсақ болып тұрады.

Бөлмедегі ауаға мән беріңіз

Қыста күннің аязынан бөлек, үйде жылу қосылатынын ескеріңіз. Жылу болса ауаны құрғатады. Содан тері зақымдана бастайды.

Мұндайда не істеу керек:

  • Ауа ылғалдандырғыш қосып қойыңыз. Кемінде батареяның қасына бір ыдысқа су құйып қойсаңыз болады. Ол бөлменің ылғалдығын реттеуге көмектеседі.
  • Күніне кем дегенде 1,5-2 литр су ішіңіз. Ағза құрғап қалмасын.
  • Бөлме қатты ыстық болмасын. Тоңдым деп батареяны максимум қосып қоймаған дұрыс. Себебі ыстық жерде тері аязда құртылғандай бүлінеді.

SPF-кремді қыста да жағу керек

Көбі SPF-крем жаздың күні ғана керек деп ойлайды. Бұл ойыңыз қате. Себебі күн сәулесінің қуаты мықты. Қанша жерден күн салқын болып, далада температура -10 °C болса да, ультрафиолет сәулелер бұлттан өтіп кетеді. Ал аппақ қармен шағылысқанда, әлгі сәулелердің әсері тіпті күшейеді. Сондықтан SPF-ті жыл — он екі ай жағып жүруге әдеттенген дұрыс.

  • Қалада тұратындарға — SPF 30.
  • Таулы жерлерде — SPF 50.
  • Кремді бір рет қана жағу жеткіліксіз. Әр 3-4 сағат сайын жаңартып тұрған дұрыс. Әсіресе, бетінде дақтары бар адамдар осы ережені есте ұстағаны абзал.

Үйде жасауға арналған рәсімдер

  • Өте оңай жасалатын, бірақ әсері мол күтім деп бал, сұлы, банан қосып жасалатын маскаларды айтуға болады. Оны өзіңіз үйден жасай бересіз.
  • Мол ылғал беру үшін түймедақ қосып булы ванна жасауға болады.
  • Тері қатты жарылып кеткенде көк шайды тұндырып, жылы компресс жасап көріңіз.
  • Теріні ылғалдандыру үшін термал су алып жүріңіз. Бір сеуіп жіберсеңіз, тері демде сергіп шығады. Күні бойы қолдана бересіз.

Не істеуге болмайды?

  • Беті-қолыңызды ыстық сумен жумаңыз. Қорғаныс қабатын бүлдіресіз.
  • Скрабқа құмар болмаңыз. Терініңіз қызарып, бөртіп кетеді.
  • Крем жаққан бойда далаға шықпаңыз.
  • SPF жақпай жүрмеңіз.

Тобықтай түйін: Қыста теріге күтім керек

Күн суыды екен деп депрессияға бейім болмаңыз. Керісінше, осындай кезде өзіңізге күтім жасап, көңіл бөлгеннен рахат алыңыз. Дұрыстап дайындалыңыз. Қыста теріге нәр, ылғал және қорғаныс керек. Тері – адамның ішкі күйінен хабар беретін индикатор. Өзімізге қалай қарайтынымызды терімізге қарап-ақ білуге болады. Сондықтан теріні аялау керек.