«Баласы жылап тұр»: Қарағандыда жүргізуші әйелді қағып қашып кеткен

Қарағандыда көлік жүргізушісі жол жиегінде келе жатқан әйелді қағып тоқтамастан қашып кеткен. 25 жастағы келіншек баласын бақшадан алып, үйіне жаяу қайтып келе жатқан. Көлік келіншекті «Динамо» шұлық-тоқыма фабрикасының маңындағы тротуармен жүріп келе жатқан сәтте соққан, деп жазады eKaraganda.kz
Куәгерлер түсірген видеода әйелдің жерде жатқан сәті, ал оның қасында баласының жылап тұрғаны көрінеді.
Жәбірленуші жедел жәрдеммен Макажанов атындағы көпсалалы ауруханаға жеткізілді. Анасының сөзінше, қызының аяғы сынған. Дәрігерлер жағдайын орташа ауыр деп бағалады. Кішкентай бала қатты қорқып қалған, бірақ зақым алмаған.
Полицияның мәліметінше, көлік жүргізушісі оқиға орнынан қашып кеткен. Алайда бір тәуліктен кейін күдікті ұсталып, көлік айыптұрағына қойылған.
3 қарашада Шымкентте жаяу жүргіншілер жолынан өтіп бара жатқан оқушыны да көлік қағып кетіп, ол сол жерде қайтыс болған еді. Бейресми ақпаратқа қарағанда, жүргізуші тежегіштің орнына газды басып жіберген.