
Beeline мобильді операторының иесі VEON Ltd. телекоммуникациялық компаниясы Қазақстандағы такси және жеткізу нарығына шығуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Bloomberg.
Бұған дейін Veon онлайн-хабарландыру алаңы OLX Kazakhstan-ды сатып алуға уағдаласты. Компания қазақстандық финтех-компания Kaspi.kz және Yandex брендімен бәсекелестікке түспек.
Veon Дубайда орналасқан, бірақ Пәкістан мен Украина сияқты елдерде жұмыс істейді. Түсім көлемі бойынша үшінші нарық – Қазақстан.
Бас директор Каан Терзиоглудың айтуынша, Veon материалдық активтердің жоғары үлесі бар дәстүрлі модельден цифрлық қызметтерге көшу арқылы бизнесті әртараптандыруға ниетті.
«Өз нарығымызды телеком ретінде ғана емес, қаржылық қызметтер, ойын-сауық, білім беру және денсаулық сақтау ретінде де көреміз. Негізгі бизнесімізге іргелес деп санайтын осы бағыттардың әрқайсысында бірінші немесе екінші нөмірлі болғымыз келеді», – деді Терзиоглу.
Қазір Veon-ның жалпы кірісінің 18%-ы цифрлық қызметтерден келеді және компания үш жыл ішінде бұл көрсеткішті 50%-ға дейін арттыруға ниетті. Қазақстанда Veon қазірдің өзінде Simply платформасы арқылы қаржылық сервистерді дамытуда, ал таяудағы 12 ай ішінде қазақстандық қалалардың бірінде такси және жеткізу бойынша пилоттық жоба іске қосылуы мүмкін.
Сонымен қатар, Veon Қазақстанда Starlink-пен келісім жасай отырып, спутниктік интернет базасында мобильді қызметтерді іске қосуға ниетті. Терзиоглудың айтуынша, компания алдағы алты айда дауыстық қызмет көрсетуді бастауды жоспарлап отыр, ал мәтіндік хабарлама жіберу мүмкіндігі бірнеше айдан кейін пайда болады.
Beeline Қазақстан «КаР-Тел» ЖШС 75% иелік ететін VEON халықаралық телекоммуникациялық компаниясына тиесілі. Қалған 25% қазақстандық бизнесмен Болат Өтемұратовқа тиесілі, ол Forbes нұсқасы бойынша ең бай қазақстандықтардың рейтингіне 3,7 млрд доллар байлығымен енген.