Түркістан облысында 16 жасар қыздың ісі сотта жабық қаралатын болды

Жарияланды
Абенов предложил лишить казахстанских судей иммунитета
Фото: kursiv.media архивінен

Түркістан облысы Ордабасы ауданы Төрткүл ауылындағы 16 жасар қыздың өлімі бойынша іс облыстық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында жабық қаралатын болды. Бұл туралы Kursiv.Media-ға облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Іс Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы, «Зорлау» бабы және «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» бабымен түскен.

«Сот Қылмыстық процестік кодекстің 29-бабы 1-бөлігінің талабына сай басты сот талқылауын жабық процесте өткізу керек қажет деп есептеді» делінген сот хабарламасында.

Басты сот талқылауы ертең, 11 қараша күні сағат 10:00-ге тағайындалған.

Еске сала кетер болсақ, қайғылы оқиға биыл 6 маусымға қараған түні болған. Ауыл тұрғындарының сөзінше, қыз өз отбасының дүкенінен үйіне шығып, жоғалып кеткен. Оны туыстары мен ауылдастары полициямен бірге түнімен іздеп таппаған. Таңертең полиция оның денесін жол жиегінде орналасқан балабақша қоршауының маңынан тапқан. Сол кезде наубайханада жұмыс істейтін еңбек мигрантын полицейлер ұстағаны айтылды.

Облыстық полиция департаменті күдіктінің ұсталғанын растағанымен, қай баптармен қылмыстық іс қозғалғанын айтпаған еді.

Сот кабинеті жүйесінде облыстық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында 11 қараша күні Сардор Исамиддиновтің ісі қаралатыны жазылған. Іс сотқа 21 қазан күні түскен. Іс бойынша құжаттар ашылмайды және істің жариялауға жатпайтыны қызылмен жазылып тұр.

Сондай-ақ оқыңыз