
Бүгінде 156,7 мың қазақстандық шетелде еңбек етіп жүр. Бұл – ресми стастистика. Отандастарымыздың басым бөлігі – Ресей, Оңтүстік Корея, Польша, Ұлыбританияда. Сондай-ақ Еңбек министрлігі Сауд Арабиясы, БАӘ, Словакия, Жапония, Швеция, Италия және Норвегия, Чехия, Румыния, Финляндиямен келіссөз жүргізіп жатыр. Мақсат – қазақстандықтардың заңды түрде еңбек істеуін қамтамасыз ету. Осы орайда Kursiv.Media тілшісі АҚШ-қа арман қуып аттанған журналист Мақпал Сержанқызымен сұхбаттасты.
Ол өмірінің 12 жылын тележурналистикаға арнап, шетелге көшу оңай болмағанын ашық айтты.

«Алғаш жұмыс істеген арнам қарашаңырақ – Qazaqstan телеарнасы. Онда 2011 жылдан бастап қызмет еттім. Халықаралық жаңалықтар бөлімінде редактор ретінде еңбек жолымды бастадым. Кейін рейтингісі өте жоғары бағдарламалар мен арнайы жобаларда жұмыс істедім. Qazaqstan-да «Арнайы жоба» және «Мәселе» сараптамалық бағдарламаларында істедім. 24KZ арнасында «Сұхбат» бағдарламасын жүргізіп, әртүрлі шетелдік меймандармен, министрлер мен басшыларымен сұхбаттастым. Әрине, осының бәрін тастап кету маған оңай болмады. Сағыныш та, қорқыныш та болған. Дегенмен мен өзім үнемі ізденісте жүретін адаммын», – деді Мақпал Сержанқызы.
Бүгінде жерлесіміз Калифорния штатындағы Сан-Диего қаласында тұрып жатыр.
«Бұл – АҚШ-тағы ең қауіпсіз қалалардың бірі, Калифорния штатындағы ең ірі екінші шаһар. Сондықтан таңдауым осы жерге түсті. Климаты өте жайлы, жыл он екі ай жаз десек те болады. Қар жоқ, қыста ауа температурасы 18 градусқа дейін көтеріледі. Мұнда беделді университеттер мен колледждер, ірі компаниялар шоғырланған. Сан-Диего Лос Анжелестен 2 сағаттық жерде орналасқан. Қазір медиа саласында білімімді шыңдап, тәжірибе жинап жүрмін», – дейді.
«Әлеуметтік желіге бейімделу керек»
Мақпал Сержанқызы алдағы жоспары туралы да айтып берді.

«АҚШ-та түсіретін дүние көп, мұндағы түрлі адамдардың тағдырын бейнелегім келеді. Біздің қазақтарды түсіру, халықаралық жобаларға қатысу да ойымда бар. Қазір «телевизор қалтада» ғой. Ұялы телефонда YouTube, Netflix, TikTok, Instagram сияқты қосымшалар арқылы контентті көруге болады. Сондықтан әлеуметтік желіге көбірек бейімделгім келеді», – деді журналист.
Сондай-ақ ол шетелдік оқытушысы берген кеңесті есіне түсірді.
«2016 жылы Ұлыбританиядағы Sussex University-де халықаралық журналистика бойынша дәріс алдым. Онда BBC телеарнасында жылдар бойы жұмыс істеген, кейін бізге дәріс берген профессорымыздың «қазір әлеуметтік желі – ықпал етудің ең күшті құралы» деп айтқан сөзі есімде қалыпты. Ол телевизия журналистері ақырындап соған көшу керек дейтін. Сол уақытта Tiktok жоқ, Youtube пен Instagram енді дамып жатқан кез. Қазір соның куәсі болдық. Сондықтан жоспар көп. Өзімді кейін бизнесте де көргім келеді. Бәрі уақыт еншісінде», – деді Мақпал Сержанқызы.
«АҚШ-та қалғысы келмейді»
Сонымен қатар журналист АҚШ-тағы қазақтардың көбі түбегейлі осы елде қалғысы келмейтінін, ерте ме, кеш пе елге оралуды көздейтінін атап өтті.

«Отандастарымыз жалындап, энергиясы тасып тұрғанда білім алып, тәжірибе жинағысы келеді. Ақша тауып, материалдық жағдайларын жақсарту – басты мақсат. Көбі балалардың болашағын ойлайды. Себебі, ағылшын тілді ортада тіл үйрену -жеңілдеу. Бұған қоса, штаттардың басым бөлігінде орта білім алу тегін. Жасыратыны жоқ, АҚШ-та адам еңбегі жақсы бағаланады. Жалақылары өте жоғары, бірақ сәйкесінше өмір сүру деңгейі де жоғары. Биыл тамыздағы дерекке сүйенсек, Калифорниядағы орташа жалақы жылына шамамен 62 мың доллардан (32 млн 535 мың 597 теңге, 1 доллар – 525 теңге) асқан. Әрине, орташа жалақы салаға байланысты әртүрлі болуы мүмкін», – деді ол.
«Бұл жалақы да өмір сүруге жетпейді»
California Department of Education дерегінше, мұғалімдердің орташа жалақысы 2023-2024 оқу жылында жылына 101 мың доллардан (шамамен 53 млн теңге) асқан.
«Калифорнияда жалақы АҚШ-тың басқа штаттарымен салыстырғанда жоғары. Алайда тұратын үйдің құны мен салықты ескергенде, жоғары жалақының өзі сапалы өмір сүру үшін жеткіліксіз болуы әбден мүмкін», – деді Мақпал Сержанқызы.
«Иллюзиядан арылу керек»
Жерлесіміз АҚШ-қа көшкісі немесе жұмыс істегісі келетін қазақстандықтарға кеңес берді.
«Оқуға немесе жұмысқа келетін адамдар алдын ала бәрін жоспарлап, тұратын жерін зерттеп алуы керек. Қаражат жағынан қалта көтермей жатса, алдымен өмір сүру арзанырақ штаттарды таңдаған дұрыс. Алдын ала осы жерде жүрген таныс-тамырмен байланысып, ақыл-кеңес сұрап алған жөн. Бірақ 24/7 жұмыс істеуге дайын болу керек. Себебі жалақы жоғары болғанымен, жалға алатын үй, көлік және тамақ – барлығы қалта көтермейді. Америкада бәрі күшті, бәрі дайын тұр деген иллюзиядан арылу керек. АҚШ-та табыс кілті – еңбек пен икемділікте», – деді журналист.
Сөз соңында Мақпал Сержанқызы ағылшын тілін үйренуге қатысты кеңес берді.
«Жалпы тілге жеңіл қарау керек. Ағылшын тілін тез, әрі тиімді үйренуге арналған үш негізгі кеңесім күнделікті практика жасау. Күн сайын кем дегенде 15-30 минут тілге уақыт бөлу керек. Оқу, жазу, тыңдау-әр бағытта жұмыс істеңіз. Тыңдау және сөйлесуге басымдық беру. Тек сөз жаттап қоймай, ағылшынша сөйлейтіндерді тыңдау маңызды. Фильм, подкаст, YouTube, сериалдарды ағылшынша субтитрмен қарау керек. Сөйлеуден қорықпау қажет, қателессеңіз де тәжірибе жинайсыз. Сөздік қорды тиімді пайдалану. Сөз тіркестеріне мән беріңіз. Ағылшын тілді ортада жүрсеңіз адамдармен қарым-қатынас жасау, онлайн тіл алмасу, платформаларға қосылу тілді тез меңгеруге мүмкіндік береді», – деді ол.
Шетелге білім қуып немесе еңбек етіп, ақша табу үшін кеткен жерлестеріміз жетерлік. Мұның алдында Англияда фермада жұмыс істеп жүрген қазақтардың бірі жайлы жазғанбыз.