Енді БЖЗҚ қаржысын ипотека жабу үшін пайдалануға болады

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жинақты пайдалану мүмкіндігі кеңейтілмекші. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі арнайы заң жобасын әзірледі.
Жаңа өзгеріс бойынша, зейнетақы қорындағы қаржыны:
- ипотеканың ай сайынғы төлемін азайту үшін
- несие мерзімін қысқарту үшін пайдалануға болады.
Бұрын БЖЗҚ қаржысы ипотекалық қарызды толық немесе ішінара жабу үшін ғана пайдаланылатын.
Құжатта жазылғандай, бұл өзгерістерге жаңа Салық кодексі себеп болып отыр. Еске салайық, енді 2026 жылдан бастап зейнетақы қоры төлемдерінен, сондай-ақ баспана алу немесе емделуге пайдаланылатын біржолғы зейнетақы төлемдерінен жеке табыс салығы (ЖТС) ұсталмайды.
Яғни, бұрын қордан қаржы алғанда мемлекет салық ретінде бір бөлігін ұстап қалатын, енді азамат толық соманы пайдалана алады. Өнеркәсіп министрлігі жаңа ережеде осы салық жеңілдігін ескере отырып, пайдалану бағыттарын кеңейтіп отыр.
Министрлік ұсынған заң жобасы 21 қарашаға дейін талқылауда болады.
Ведомство түсіндіруінше, өзгерістердің мақсаты – біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану процесін тиімді әрі ыңғайлы ету, сондай-ақ қолданыстағы заңнама аясында азаматтарға тұрғын үй жағдайын жақсартудың қосымша тетіктерін ұсыну.