Дәрігерге «рақмет айту» мәдениеті қауіпті ме

Жарияланды 10 Қараша 2025 07:00

Айгерім Таубай

Айгерім Таубай

General News бөлімінің тілшісі a.taubay@kursiv.media
Фото нейрожелі көмегімен жасалды

2025 жылдың тамызында актриса, тележүргізуші Айнұр Ілиясова әлеуметтік желіде анасын емдеген анестезиолог ақша бопсалағанын айтып, жазба жариялады. Бұл жазба қоғамда қызу талқыланды: біреулер әртісті қолдап, өз басынан өткен осыған ұқсас жағдайды айтса, енді бірі оны хайп қуды деп айыптады, ал келесі тарап дәрігерлердің жалақысы мардымсыз екенін айтты.

Бірнеше күннен кейін дәрігер тәртіптік жазаға тартылып, жұмыстан шығарылды. Алайда Ілиясованың пікірінше, мұндай күрделі мәселені бір адамды жұмыстан шығару арқылы шеше алмайсың.

Біз де осыған ұқсас жағдайға тап болған 2 адаммен сөйлестік. Бұл оқиғаларда дәрігерлер түрлі уәжбен науқастардан ақша талап еткен, ал кейіпкерлер не істерін білмеген. Сондай-ақ осы мәселені ұзақ жылдар бойы зерттеп жүрген тәжірибелі дәрігер Вадим Гущинмен де сұхбаттастық.

Ольганың әңгімесі

2009 жылы мені Алматыдағы ауруханалардың біріне жедел жәрдеммен әкелді. Жатырдан тыс жүктілік салдарынан жатыр түтігі жарылып, есімді жоғалттым.
Ауруханада 2 бөлім болды: ақылы және тегін. Мен біріншіге түстім – сол уақытта отбасым бұрынғы күйеуімнің сақтандыруымен жүрген. Түн болғандықтан, дәрігер сақтандыру компаниясына хабарласа алмады. Бірнеше ай бұрын күйеуімнің аяғы сынғанда бізде сақтандыру болған, бірақ полис тек бір адамға арналған. Сондықтан неге ақы төлеу керегі түсініксіз болды: операцияға ма, әлде ауруханада жатқаным үшін бе?

Таңертең сақтандыру компаниясының өкілі маған хабарласып, 2 нұсқа барын айтты: ақылы бөлімде қалып, өзім төлеу немесе тегін бөлімге ауысу. Ол шұғыл операция үшін төлем алынбайтынын жеткізді.

Мен ақылы бөлімде қалдым. Себебі бұрын тегін бөлімде жатқандықтан, ондағы медициналық қызметке көңілім толмаған. Бір тәуліктің құнын білдім, дәрігер маған 5 күн жату керек деді. Барлығы менің бюджетіме сай келді. 5 күн өткен соң кассаға төлем жасауға бара жатқанымда, хирург мені кабинетіне шақырып алды. Кейін ол «Маған және анестезиологқа да рақмет айтып шығарып салу керек: маған 100 доллар, екінші дәрігерге 50 доллар беріңіз» деді. Егер аурухана төлемін және осы «алғысты» қоссақ, сома сол кездегі жалақымнан асып түсетін еді.

Мен оған «Мен ризашылығымды білдіруге қарсы емеспін, Бірақ қолымдағы ақша тек кассаға төлеуге жетеді» деп ашық айттым.

Хирург қолымдағы қағазды алып, «Біз мынаны істемедік, бұл аз болуы мүмкін…» деп белгілей бастады. Тіпті, тізімдегі қай қызмет көрсетілгенін, қайсы жоғын да білмедім.

Кейін есіме түсті – операция алдында менен дәрігер «Жеңіл наркоз қалайсың ба, тілік косметикалық па, әлде жай ма?» деп сұраған.

Әрине, мен жеңіл наркоз бен косметикалық тігісті таңдадым. Кейін барлық науқасқа солай істейтінін білдім. Дәрігерлердің сол сәттен бастап-ақ мені алдауға кіріскенін түсінбеппін – ол кезде басқаны ойлауға шамам болмады.

Сөйтіп, ақшаның бір бөлігін дәрігерге беріп, қалғанын кассаға апардым. Кейін ол дәрігерді көрген де жоқпын, емімді сақтандыру есебінен жалғастырдым.
Мен үшін бұл күтпеген жағдай болды. Қазір сол кезде төлеген ақшамды есіме түсірсем, күлкілі көрінеді. Бірақ сол уақытта ажырасқан, қолында 1-сыныпта оқитын баласы бар әйел үшін қомақты сома еді. Ең қызығы, сен ақылы бөлімде жатасың да, соның өзінде дәрігерге «рақметіңді» айтасың.

Есімде қалған тағы бір оқиғаны айтып берейін. 2023 жылы ұлым Ленинград облысында (Ресей) аппендицитпен ауруханаға түсті.

Мен сол бұрынғы әдетке салып, дәрігерге алғысымды айтуға тырыстым. Бірақ ол «Сұрағыңыз болса, телефон нөміріңізді қалдырыңыз, ал қалғаны шығару парақшаңызда жазылған» деп жауабын қысқа қайырды. Мен дәлізге шығып, қатты ұялдым. «Мен неге мұны істегім келді, ақымақпын ба?» деп ойладым. Кейін өзіме: бәлкім, қазір заман өзгерген шығар дедім.

Ізтұрғанның оқиғасы

1997 жылы мен Ақтөбеде пышақ жарақатымен ауруханаға түстім. Жарақат ауыр болды, шала-жансар халдемін. Дәрігерлер мені бірден операция бөлмесіне алып кетті.
Есімде қалған бір сәтті айтып берейін. Үстелде жатырмын, ақыл-есім кіресілі-шығасылы. Сол кезде анестезиолог келіп, маған «Бөлімде наркоз жасауға арналған арнайы жүйе жоқ, әмияныңда ақша бар ма? Оны алып, дәріханадан дәрі сатып алайын ба?» деп айтты. Әрине, мен басымды изедім. Кейін қайта есімді жиғанда кардиолог әйелдің оған қатты ұрысып жатқанын естідім: «Қазір операцияны бастамасақ, науқастан айырылып қаламыз» деді ол.

Анестезиолог «Оның ешкімі жоқ қой. Егер ол өлсе, маған наркоздың ақшасын кім төлейді» деп жауап берді.
Кейін есімді жиғанда анестезиолог көзімнің қарашығының реакциясын тексеріп жатты. Мені жасанды тыныс алу аппаратына қосып қойыпты.
Сол сәтте ол маған: «Мені таныдың ба? Мен саған наркоз салған дәрігермін, маған 3600 теңге беруге тиіссің», – деді.
Кейін мен ол ақшаны дәрігер жеке заттарымды ақтарып, өзі алғанын білдім.

Сол кезде менде ашулануға да, шағымдануға да, кек сақтауға да шама болмады. Бұл ауыр жарақаттан кейін өмірге көзқарасым өзгерді – мен өзімді өмірге қайта келгендей сезіндім.
Бірақ хирурге өз еркімнен алғысымды айттым.

Бейресми төлемдер неге өзекті мәселе?

Мұндай «рақмет» медициналық қызмет сапасына зиянын тигізеді. Зерттеулерге сүйенсек, бейресми төлем мен ашық бопсалау арасындағы айырмашылық – тек формада, ал науқасқа келтірілетін ықтимал зиян бірдей.

Мамандардың айтуынша, бұл мәселені тек заң тұрғысынан емес, ең алдымен медициналық тұрғыдан яғни науқасқа және ем процесіне пайдасы мен зияны тұрғысынан қарау қажет.

«Мен 10 жыл бойы Ресейдегі Онкологияның жоғары мектебі жобасына жетекшілік еттім. Қазір Қазақстандағы дәрігерлерге науқастармен қалай байланыс жасау керегін үйретемін. Мен үйреткен коммуникация тәсілдерінің кейбірін дәрігерлер «жұмсақ бопсалау» құралы ретінде пайдалана бастағанын білдім. Сол кезде бейресми төлем тақырыбын зерттей бастадым. Кейін Санкт-Петербордағы «Белые ночи» конференциясында сарапшылармен сөйлескеннен кейін, мұндай төлемдердің медициналық көмектің сапасына қатты әсер ететінін түсіндім», – деді АҚШ-тағы Mercy клиникасының хирург-онкологы Вадим Гущин.

Мұндай жағдайлар медицина ұжымының ішіндегі қарым-қатынасқа да кері әсерін тигізеді. Мысалы, Ізтұрғанның оқиғасында кардиолог науқасты құтқаруға тырысты, ал анестезиолог өз пайдасын ойлады. Бір әріптесің науқастардан «рақмет» сұрап жүргенде, онымен бір бөлімде жұмыс істеу қиын. Мұның бәрі дәрігерлердің абыройына дақ түсіреді, жұмыстағы қарым-қатынасты бұзады.

Сонымен қатар бейресми төлемдер науқастарға деген әділетсіз қарым-қатынасты қалыптастырады. Кім көбірек ақша бере алса, соған көбірек көңіл бөлінеді, ем сапасы да соған сай болады. Ал мүмкіндігі жоқ науқастар назардан тыс қалады. Бұл медициналық қызметтің жалпы сапасын төмендетеді.
Тағы бір өзекті мәселе – «Бопсалау жүйесі» жас мамандардың өсуіне, тәжірибе жинауына кедергі келтіреді. Мысалы, хирургияда тәжірибелі дәрігерлер науқасты «кіріс көзі» ретінде санап, жас мамандарды операцияға жолатпайды. Себебі тәжірибелі мамандар өздеріне бәсекелес тәрбиелегісі келмейді. Салдарынан науқас зардап шегеді.

«Рақмет айту» мәдениетін қалай тоқтатуға болады?

Кейбіреулер мәселені дәрігерлердің төмен жалақысымен байланыстырады. Алайда бұл – мәселенің бір бөлігі ғана.
«Дәрігерлер бейресми түрде неге ақша алады?» дегенге қатысты түрлі теория бар. Оның бірі аз жалақымен байланысты. Бірақ тәжірибелі дәрігерлерге жоғары жалақы төлесе де, бейресми төлемдер жоғалып кетпейді, тек басқа формаға көшеді», дейді Вадим Гущин.

Оның пікірінше, мәселені шешу үшін ашық диалог: барлық тараптың пікірін еститін кеңістік қажет. Қазір мұндай әңгіме жасырын түрде кәсіби чаттарда жүріп жатыр. Онда да мәселенің этикалық жағын ашық талқылауға ешкім құлықты емес.

Басқа елдердің тәжірибесіне сүйенсек, мұндай ұсақ жемқорлықпен күрестің ең табысты үлгілерінің бірі – Америкалық хирургтар колледжінің (American College of Surgeons) тарихы.

XX ғасырдың басында АҚШ-та хирургия саласы да жемқорлыққа батқан еді. Дәрігерлер науқастарға кеңес айтып, өз хирургтарына жіберетін. Олар сол үшін пара алатын. Салдарынан науқастар ең мықты дәрігерлерге емес, «танысы көп» хирургтарға түсетін.

Сол кезде Бостон, Балтимор және Нью-Йорк қалаларының жетекші хирургтары бірігіп, American College of Surgeons қауымдастығын құрды. Ең алдымен олар осы парақорлықты түп-тамырымен жоюды мақсат етті. Науқасты дәрігерге таныс болғаны үшін емес, кәсіби біліктілігі үшін жіберу жүйесін енгізді.

Сонымен қатар хирургтарды даярлау жүйесіне өзгерістер енгізілді. Бұл бағыттағы жұмыс ХХ ғасыр бойы жалғасты. Нәтижесінде хирург мамандығы беделге ие болды, қоғам сенімі артты, жалақы өсті, ал америкалық хирургия әлемдік деңгейде көшбасшыға айналды.
Қорыта айтқанда, бейресми төлем мәселесін шешу үшін кешенді тәсіл қажет. Бірақ бастаманы дәрігерлер қауымдастығының өзі көтеруге тиіс, ал мемлекет пен жұмыс берушілер дәрігерлерге қаржылай тұрақтылықтың минималды деңгейін қамтамасыз етуі керек.

Бұл мәселені кәсіби ортада ашық талқылап, науқаспен қарым-қатынастың ортақ этикалық қағидасын қалыптастыру қажет.

Біз жоғарыда айтқан оқиғалар Қазақстандағы «рақмет айту» мәдениетіне тән жалпы үрдістен бөлек. Көптеген науқас бейресми төлемді дәрігермен қарым-қатынастың «міндетті бөлігі» деп санайды.

Көп жағдайда дәрігерге ақша ұсыну ниеті науқастың өзінен туады. Бірақ бұл шын алғыс па, әлде дәрігермен жақсы қарым-қатынасты сақтау ма, әлде ішкі қорқыныштан туған амал ма – мұны тек қосымша зерттеулер анықтай алады.

Сондай-ақ оқыңыз