Кремль жоғалып кеткен Лавровтың қайда екенін айтты

Лавров жұмысын жалғастырып жатыр. Белсенді түрде. Бұл туралы Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеді.
Коммерсантъ ақпаратына қарағанда, Путиннің ресми өкілі Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың жоғалып кеткені туралы қауесетті жоққа шығарды. Лавровтың соңғы кездері көпшілік алдына шықпай кеткені жөнінде шетелдік басылымдар жиі жазып, сан-саққа жүгірткен еді. Тіпті, «шетел асып, саяси баспана сұраған» деп жазғандар да табылды.
«Лавров мырза жұмысын жалғастырып жатыр, белсенді түрде қызмет атқару үстінде», – деп мәлімдеді Песков.
Оның сөзіне қарағанда, Лавров туралы ақпараттардың барлығы шылғи өтірік. Бұған назар аударудың қажеті жоқ.
«Бәрі жақсы. Тиісті жария іс-шаралар болған кезде, министрді өздеріңіз көретін боласыздар», – деп сендірді Кремльдің өкілі.
Мұның алдында Қазақстан СІМ-і Лавровтың дрондар туралы сөзін жоққа шығарған еді.