Миллиардер Байсейітовке тиесілі банк таза пайдасын 50 пайызға арттырды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Миллиардер Бақытбек Байсейітов мен Владислав Лиге тиесілі «Банк ЦентрКредит» 2025 жылдың тоғыз айында 217,2 млрд теңге таза пайда тапты. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 50%-ға артық (2024 жылы 9 айда банк 144,3 млрд теңге пайда алған). Соның ішінде акционерлеріне тиесілі пайда 216,6 млрд теңгені құрайды. Бұл туралы банктің аралық шоғырландырылған қаржы есебінде жазылған.

Банктің операциялық табысы 409,3 млрд теңгені құрап, өткен жылдың 301,8 млрд теңгесімен салыстырғанда, айтарлықтай артты. Ал операциялық шығысы 142,5 млрд теңгені құрады. Салыққа дейінгі пайда 266,8 млрд теңгені құрап, салыққа 49,6 млрд теңге төледі.

Таза пайыздық табыс резервтерді есептегеннен кейін 246,8 млрд теңгені құраған(2024 жылы – 212,8 млрд теңге). Бұл өсім негізінен клиенттерге берілген қарыз бен банктердегі қаражаттан түсетін пайыздық кірістің артуымен байланысты.

Клиенттер мен банктерге берілген қарыздан түскен пайыздық табыс 535,6 млрд теңгеге жетіп, ал басқа пайыздық кірістер 8,1 млрд теңгені, пайыздық шығыстар 373,9 млрд теңгені құрады.

Банк комиссиялық қызметтен 37,2 млрд теңге таза кіріс алған. Бұл өткен жылдың 28,9 млрд теңгесінен көп. Валюталық операциялардан түскен таза табыс та өсіп, 94,7 млрд теңгеге жетті (2024 жылы – 55,3 млрд теңге).

Қаржы есебіндегі дерекке сәйкес , банктің 53,1 пайыз жай акциясы миллиардер Бақытбек Байсейітовке тиесілі болса, кәсіпкер Владислав Ли 12,2пайыз акциясын иеленеді. Қалған 34,7 пайызы 5 пайызға жетпейтін бағалы қағазды ұстайтын жеке акционерлерге тиесілі.

Байсейітов 580 млн долларға бағаланатын дәулетімен Forbes тізімінде 16 орында тұр. Ал Владислав Лидің байлығы 125 млн долларға бағаланады. Тізімде 69-орынға жайғасқан.

Сондай-ақ оқыңыз