
«Еуразиялық банк» директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов «Еуразиялық қаржы компаниясы» (ЕФК) өз активтерін сатпайтынын мәлімдеді. Ол бұл туралы Forbes Kazakhstan-ға берген сұхбатында айтты.
«Біздің активтерді сату туралы ойымыз жоқ. Банк те, сақтандыру компаниясы да, жалпы қаржы тобы, бәрі өз орнында қалады», – деді ол.
Ибрагимов Eurasian Resources Group (ERG) төңірегіндегі қауесеттерге де жауап берді. Ол компания да, оның Қазақстан мен Африкадағы өндірістік активтері де сатуға шығарылмағанын нақты айтты.
«Бұл тек алып-қашпа сөздер. Кім және не мақсатпен мұны таратып жүргенін білмеймін. Бірақ бір нәрсе анық: менің мақсатым – компанияны дамыту, жаңа өндірістер ашу және болашаққа инвестиция салу», – деді ол.
Сұхбат барысында журналист Патох Шодиев пен Александр Машкевичтің мұрагерлеріне тиесілі үлес сатып алу мүмкіндігі туралы сұрады. Бұл сұраққа Ибрагимов қысқа ғана:
«Уақыт көрсетеді», – деп жауап берген.
2025 жылдың көктемінде Bloomberg агенттігі Еуразиялық «үштік» арасындағы келіспеушіліктер туралы хабарлаған еді. Басылым дерегінше, Шухрат Ибрагимов «Еуразиялық банкті» сатуға үзілді-кесілді қарсы болса, ал Александр Машкевич пен Патох Шодиев керісінше, мәмілеге дайын болған.
Алайда іс сотқа дейін жетіп, Алматы қаласының мамандандырылған экономикалық соты 2025 жылдың қыркүйегінде Ибрагимовтың ұстанымын қолдап, ЕҚК директорлар кеңесінің шешімдерінің заңдылығын растады.
Қазір Ибрагимовтар отбасы қаржы компаниясы акцияларының 33 пайызын иеленеді. Forbes Kazakhstan дерегі бойынша, олар 2025 жылы Қазақстанның ең бай 75 бизнесмені тізімінде 7-орында тұр.