Экономика «қызып тұр»: Ұлттық банк қалайда инфляцияны 5%-ға дейін төмендетпек

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Сүлейменов инфляцияны қайткенде 5%-ға дейін түсіреміз дейді / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов инфляция бойынша 5%-дық нысаналы көрсеткіш (таргет) өзгеріссіз қалатынын мәлімдеді. Бұл туралы ол Taldau Talks подкастында айтты.

«Инфляцияны 5%-ға дейін түсіру – Ұлттық банк пен Үкіметтің ортақ мақсаты. Бұл көрсеткіш Президент Жарлығымен бекітілген. Біз осы деңгейге ұмтылуымыз қажет, себебі ол теңгерімді экономикалық өсім, төмен инфляция және инвестициялық әрі әлеуметтік тұрғыдан қолайлы ортаны қамтамасыз етеді», – деді ол.

Экономика «қызып барады»

Тимур Сүлейменов қазіргі кезде ел экономикасының «өз мүмкіндігінен де жоғары қарқынмен» өсіп жатқанын атап өтті. Бұл – экономика қызып барады деген сөз.

Бас банкирдің айтуынша, басты себеп – мемлекеттік шығынның (фискалдық ынталандыру) артуы және халықтың кредитке батуы.

«Біз жалпы ішкі өнім мен оның әлеуетін есептейміз. Қазір экономика өзінің технологиялық, адами және реттеушілік әлеуетінен жоғары деңгейде дамып жатыр», – деді Ұлттық банк төрағасы.

Ұлттық банктің бағалауынша, 2026 жылы қаржылық консолидация кезеңі басталады. Бұл – бюджет тапшылығын азайту және Ұлттық қордың табыс бөлігін арттыру арқылы мемлекеттік қаржыны оңтайландыру шаралары. Сүлейменовтің айтуынша, қаржы саласындағы үйлесімді саясат макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етеді және ақша нарығының болжамдылығын арттырады.

«Қаржы институттарының өзара үйлескен әрекеті экономикадағы тұрақтылық пен сенімділіктің негізін қалайды», – деді ол.

Қазан айында жылдық инфляция 12,6%-ды құрады. 9 ай бойы қарқын алған қымбатшылық өткен айда ғана сәл баяулаған. Инфляция жоғары болып тұрғандықтан, бас банк базалық мөлшерлемені 18%-ға көтерген.

Сондай-ақ оқыңыз