
Қаржы нарығының сарапшылары теңге бағамы жыл соңында 532,8 теңге деңгейінде сақталып, ал инфляция 11,2%-ға дейін төмендейді деп болжап отыр. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы (ҚҚҚ) қараша айында қаржы нарығы мамандары арасында жүргізілген сараптама нәтижесін жариялады.
Шолуға банк, сақтандыру және брокерлік ұйымдардың өкілдері мен қаржы сарапшылары қатысқан.
Үш ай қатарынан өскен инфляциялық болжам қарашада төмендеп, 12,1%-дан 11,2%-ға түсті. Бұған базалық мөлшерлеменің жоғарылауы, теңгенің нығаюы, жанармай мен коммуналдық тарифтердің уақытша бекітілуі және Үкімет пен Ұлттық банктің инфляцияны төмендетуге бағытталған бірлескен шаралары әсер еткен.
Сарапшылардың пікірінше, Ұлттық банк 28 қарашадағы отырыста базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде сақтауы ықтимал.
Келер жылы базалық мөлшерлеме 15,75%-ға дейін төмендеуі мүмкін. Бұл қатаң ақша-несие саясаты инфляцияны бақылауда ұстауға және тұтыну бағалары индексін мақсатты 5% деңгейіне жеткізуге бағытталған.
Сарапшылардың болжамынша, желтоқсан айының басында теңге бағамы 1 АҚШ долларына 532,8 теңге шамасында сақталады.
«Бірақ келесі 12 айда теңгеге қысым сақталады деп күтілуде. 2026 жылдың соңында доллар бағамы 554,6 теңгеге жетуі мүмкін. Бұған экспорт кірісінің төмендеуі, импорт көлемінің артуы және Ұлттық қордан берілетін трансферттердің қысқаруы (2026 жылы 2,8 трлн теңге, 2025 жылы — 5,3 трлн теңге) әсер етеді», – деп жазылған шолуда,
Бұған дейін Halyk Research сарапшылары ел экономикасы 2025 жылы «өсу шегінен» өтіп, 2026 жылы баяулайды деген болжам жасаған.