
Вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Taldau Talks подкастында үкіметтің дағдарысқа қарсы шаралар қабылдауына не себеп болғанын түсіндірді. Оның айтуынша, кейінгі кезде бірнеше реформаның бір мезгілде жүргізілуі әлеуметтік және экономикалық толқу қаупін арттырған.
«Реформалар бір-біріне қабаттаса бастады. Мұнда, бір жағынан, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық реформасы, сонымен қатар салық реформасы, бюджет реформасы қатар жүрді. Сондықтан біз оларды уақытша тоқтата тұруға шешім қабылдадық», – деді министр.
Жұманғаринның пайымдауынша, дағдарысқа қарсы шаралар елдегі реформаны тоқтату емес, уақытша «үзіліс» ретінде қарастырылу керек.
«Біз еш реформаны тоқтатқан жоқпыз. Бюджет-салық реформасы да, қаржылық тұрақтандыру да жалғасады. Тек коммуналдық сектордағы кейбір тарифтер бойынша инвестициялық кезеңдерді бөлу арқылы әсерін жұмсарттық. Соның нәтижесінде тариф реформаның инфляцияға ықпалы 1,32%-дан 0,25%-ға дейін төмендеді», – деді ол.
Халықтың тұрмысы қиындап, қоғамдық көңіл-күй нашарлады
Министрдің айтуынша, жедел шаралар қабылдауға халықтың тұрмысы қиындап, қоғамдық көңіл-күйдің нашарлауы себеп болған.
«16 қазанда Мемлекет басшысы үкіметке тиісті тапсырма берді. Себебі халықтың әлеуметтік жағдайының нашарлау қаупі және инфляцияның өсуіне қатысты болжам күшейді. Осы екеуі шешуші факторға айналды. Біз ұзақмерзімді инфляциялық өсімнің нақты белгілерін көрген жоқпыз, бірақ тәуекел бар еді», – деді Жұманғарин.
Инфляция табыстың нақты өсімін тежеп отыр
Жұманғарин сол подкастта халық табысының жай-күйіне де тоқталған. Оның айтуынша, номиналды жалақы өсіп жатса да (10,7%), нақты өсім небәрі 0,3% деңгейінде.
«2015-2017 жылдары нақты өсім теріс болған, 2019-2022 жылдары шамамен 8%, 2023–2024 жылдары 2,5% шамасында. Яғни, одан да жақсы кезеңдер болған», – деді министр.
Министр бұл айырмашылықты инфляция мен сыртқы экономикалық факторлармен байланыстырды.
«Қазір сыртқы экономикалық ахуал күрделі: рубльдің нығаюы, доллардың айтарлықтай күшеюі импорт бағасын қымбаттатты. Ал көптеген импорттық тауарлар бойынша біз шетелге тәуелдіміз. Сонымен қатар ауыл шаруашылығындағы реформалар да уақыт талап етеді», – деп түсіндірді ол.
Подкаст барысында Жұманғарин салық жүйесінің маңызын да еске салды.
«90-жылдардың соңында ҚҚС мөлшерлемесі 20% болған. Салық – мемлекет тұрақтылығының іргетасы. Соның арқасында мемлекет жол салып, мұғалім мен дәрігердің жалақысын төлейді», – деді министр.
16 қазан күні Үкімет елдегі әлеуметтік тұрақтылықты сақтау мақсатында дағдарысқа қарсы шаралар пакетін жариялаған болатын. Оның ішінде бензин мен дизель отыны, сондай-ақ коммуналдық тариф бағасына мораторий бар.