Қазақстанда көміртек бейтараптылығына жетуді реттейтін ұлттық стандарттар қабылданды

Қазақстан климаттық стандарттарды жаңартты. Енді елдің көміртек бейтараптығына көшуі халықаралық талаптармен тікелей үйлестіріледі.
Сауда және интеграция министрлігіне қарасты «ҚазСтандарт» екі жаңа ұлттық стандарт әзірледі:
- СТ РК ISO 14068-1 «Климаттың өзгеруін басқару. Таза нөлге көшу. 1-бөлім. Көміртектік бейтараптық»;
- СТ РК IWA 42 «Көміртек бейтараптылығы жөніндегі нұсқаулық».
«Бұл екі стандарт халықаралық ISO 14068-1:2023 және IWA 42:2022 стандарттарымен бірдей. Олардың қабылдануы Қазақстанның 2060 жылға дейін көміртектік бейтараптыққа қол жеткізу стратегиясында көзделген міндеттерді іске асырудағы маңызды кезең болды. Сондай-ақ бұл стандарттарды қабылдау Қазақстанның жаһандық климаттық саясаттағы рөлін күшейтеді. Олар шығарындыларды жауапты басқаруға және ғылыми негізделген климаттық шешімдерді енгізуге негіз қалайды», – делінген министрліктің хабарламасында.
Жаңа стандарттар экологиялық және талдамалық ұйымдар, қоршаған ортаны мониторингілеудің ұлттық және өңірлік орталықтары, экологиялық қауымдастықтар үшін бірыңғай тәсілдер мен қағидаттарды белгілейді. Олар парниктік газдар шығарындыларын басқарудың негізгі аспектілерін қамтиды: бағалау мен азайтудан бастап қалдық шығарындыларды өтеу және климаттық есептілікті жүргізуге дейін.
Стандарттарды іске асыру келесі нәтижелерге:
- ұлттық MRV (бақылау, есептілік және валидация) жүйесін халықаралық тәжірибелермен үйлестіруге;
- климаттық деректердің ашықтығы мен анықтығын арттыруға;
- қазақстандық компаниялардың халықаралық нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға;
- өнеркәсіпте төмен көміртекті технологиялар мен инновацияларды енгізуге ықпал етуге мүмкіндік береді.
Стандарттар мүдделі тараптардың, ғылыми ұйымдар мен сараптамалық қауымдастықтардың белсенді қатысуымен әзірленген.