Жаңалықтар

Репутациясы мықты елдер рейтингі шықты. Қазақстан нешінші орында

Қазақстан үздік елу елдің қатарында тұр / Фото: kursiv.media архиві

Қазақстан «Репутациясы мықты елдер» рейтингінде үздік елу елдің қатарында. Ал постсоветтік елдер арасында Украинадан кейінгі екінші орында тұр. Бұл тізім Reputation Lab-тың RepCore Nations 2025 зерттеуінің нәтижесінде жасалған.

Рейтинг елдердің халықаралық аренадағы орны, инновация деңгейі, туризм, инвестициялық тартымдылығы және басқа мемлекеттердің көзқарасы сияқты бірнеше фактор негізінде бағаланған.

Фото: visualcapitalist.com, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Кім және қалай бағалады

Reputation Lab 2025 жылы ең беделді елдерді анықтау үшін G7 (Канада, Франция, Германия, Италия, Жапония, Ұлыбритания және АҚШ) елдерінің азаматтарына сауалнама жүргізген. Респонденттерден басқа елдерді сенім, құрмет, таңдану және жалпы имидж тұрғысынан бағалау сұралған.

Нәтижесінде Ирак, Иран және Ресей рейтингтің соңында қалса, АҚШ 2024 жылмен салыстырғанда бірден 18 сатыға төмендеп, 48-орынға түскен. АҚШ үшін бұл зерттеу тарихындағы ең үлкен құлдырау болып отыр.

Көшбасшылар кімдер

Рейтингтің көшін Швейцария мен Канада бастап тұр. Швейцария өзінің бейтарап ұстанымымен, тұрақты басқаруымен және өмір сапасымен ерекшеленіп, бірінші орынды иеленді. Айта кетейік, ел 1815 жылдан бері ешбір соғысқа тікелей қатыспаған.
Канада екі сатыға көтеріліп, екінші орынды иеленді – сарапшылар мұны елдің инклюзивтілігі мен дипломатиялық беделімен байланыстырады. Ал Скандинавия елдері – Норвегия, Швеция, Финляндия және Дания – тұрақтылық пен экологиялық көшбасшылықтың арқасында алғашқы алтылыққа енген.

АҚШ беделі неге құлдырады

Сарапшылардың пікірінше, АҚШ-тың рейтингтегі құлдырауына сыртқы саясаттағы тұрақсыздық, НАТО-ға қатысты ұстанымның өзгеруі және сауда тарифтеріндегі қауіптер әсер еткен. Бұл факторлар Вашингтонның халықаралық беделін әлсіретіп, серіктестер арасында сенімсіздік туғызған.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық статистика бюросы мәліметіне сәйкес, Қазақстан халқының саны 20 млн 445 мың адамнан асқанын жазғанбыз.