
АҚШ Өзбекстан аумағындағы бірлесіп игерілетін пайдалы қазбалар кен орындарына алғашқы кезектегі қолжетімділік құқығын алады.
Газета ақпаратына қарағанда, Америка тарапы Өзбекстанға шағын модульдік ядролық реакторлар мен қорғаныс саласына арналған жабдықтар жеткізеді. Бұдан бөлек, Air Products компаниясы Өзбекстанда метанол өндіретін зауытқа 3 млрд долларға дейін инвестиция салуды жоспарлап отыр.
АҚШ Мемлекеттік департаменті 6 қарашада Вашингтонда Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев пен АҚШ президенті Дональд Трамптың кездесуі нәтижесінде қол жеткізілген бірқатар келісімнің егжей-тегжейін жариялады.
Мәлімдемеде екі ел үкіметтері экономика, қауіпсіздік және гуманитарлық салада жан-жақты ынтымақтастықты нығайту бағытында жұмыс істеп жатқаны, бұл өзара тұрақтылық пен өркендеуге ықпал ететіні айтылған.
Президент Трамп АҚШ-ты стратегиялық минералдармен қамтамасыз етуге және энергетикалық серіктестікті дамытуға бағытталған келісімдерді құптады.
Өзбекстан сонымен бірге АҚШ-тан көлік құралдарына арналған бөлшектерді 3 жыл ішінде 5 млрд долларға сатып алуды жоспарлап отыр. Ал америкалық компаниялар UzAuto Motors компаниясын жекешелендіру процесіне қатыса алады. Саудаға шығару 2026 жылдың алғашқы тоқсанына жоспарланған.
Бұған дейін хабарланғандай, Uzbekistan Airways жалпы құны 8,5 млрд доллар болатын 22 Boeing 787 Dreamliner ұшағын сатып алу туралы келісімге қол қойған. Ал Өзбекстан АҚШ-тан ауыл шаруашылығы техникасын 2 млрд долларға дейін импорттамақ.
2026 жылдан бастап АҚШ азаматтары үшін Өзбекстанға 30 күндік визасыз режим енгізіледі.
Мұның алдында АҚШ-та тұрғысы келетін қазақстандықтардың қандай нәрселерге мән беруі керек екені жайында жазған едік.