Қырғызстанда мемлекеттік қызметкерлерге «лайк» басуға тыйым салынды

Қырғызстан Жоғарғы кеңесіне депутаттарды сайлау науқаны басталды. Осыған орай бірқатар адамдарға кандидаттардың әлеуметтік желідегі жазбаларына «лайк» басуға тыйым салынды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
24.kg ақпаратына сүйенсек, Сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссияның мүшесі Ұзарбек Жылқыбаев кандидаттардың әлеуметтік желілердегі жазбаларына кімнің «лайк» баса алмайтынын айтқан.
Оның айтуынша, мемлекеттік және муниципалдық қызметкерлерге, акцияларының 30 пайыздан астамы мемлекетке тиесілі ұйымдардың қызметкерлеріне реакция қалдыруға және әлеуметтік желілерде біреуді қолдайтын пост жазуға тыйым салынады.
«Сонымен қатар, мемлекеттік БАҚ өкілдері мұны істемеуі керек. 30 қарашада сайлау учаскесіне барып, өз кандидатыңызға дауыс беріңіз», – деді Ұзарбек Жылқыбаев.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Қырғызстанда Жоғарғы кеңесіне депутаттарды мерзімінен бұрын сайлау науқаны ресми түрде басталды. Бұл кезең 20 күнге созылады, яғни 10-29 қараша аралығы. Заң бойынша дауыс беруден бір күн бұрын науқан тоқтап, тыныштық күні жарияланып, содан кейін сайлаудың өзі болады.