Шымкентте әйел жүкті келіншектердің атынан мемлекеттен заңсыз 200 млн ақша алған

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
фото: ашық дереккөзден

Шымкентте жүкті әйелдердің атына жалған әлеуметтік төлем рәсімдеген әйел әшкереленді деп хабарлайды қалалық прокуратурадан.

Құзырлы органдар хабарлауынша, ол жеке кәсіпкерлердің электрондық қолтаңбаларын пайдаланып, жүкті әйелдерді қағаз жүзінде түрлі кәсіпорындарға жалған жұмысқа орналастырады. Одан әрі олардың атына әлеуметтік төлем рәсімдеп, бөлінген қаражатты өз пайдасына жұмсаған.

Мемлекетке келтірілген шығын көлемі – 217 миллион теңге.

Қазір Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігі (аса ірі көлемде алаяқтық) бойынша іс қозғалды. Тергеу амалдарын Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті жүргізіп жатыр.

Соңғы кезде жұмыс істемей, табыссыз отырған келіншектерге мемлекеттен берілетін декреттік төлемдерді заңсыз алуды үйрететін курстар пайда болған. Еңбек және халық әлеуметтік қорғау министрлігі декретке өте үлкен қаражатпен шыққан бірнеше келіншектің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Заңсыз жағдайлар жиі тіркелгеннен кейін осы жылы көктемде жүктілік пен босануға, сондай-ақ 1,5 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты төлемдерді есептеу ережелеріне өзгерістер енгізді.

Сондай-ақ оқыңыз