Сот «өзін-өзі өртеймін» деген Хасан Қасымбаевтың туыстарына ескерту жасады

Алматы облыстық соты сот «әділетсіз үкім шығарған жағдайда өзін-өзі өртейміз» деген Хасан Қасымбаевтың туыстарына ескерту жасады.
Tengrinews.kz ақпаратына қарағанда, 10 қараша күні айыпталушының соңғы сөзі айтылды. Талғар аудандық сотының алдында оны қолдаушылар жиналды. Олар «әділ шешім» шығаруды талап етті. Айыпталушының анасы Гүлнар Нуракенова мен жұбайы Зүлфия Қасымбаева жиналғандардың алдында сөз сөйлеп, «сот әділетсіз шешім қабылдаса, өзін-өзі өртеуге дайын» екенін айтты.
Алматы облыстық соты мұндай әрекеттерге қатаң ескерту жасап, сотқа қысым көрсету, қауіп төндіру және қоғамдық тәртіпке қауіп төндіретін кез келген әрекеттердің заңмен тыйым салынғанын еске салды.
«Мұндай әрекеттер әділ сот төрелігіне араласу болып есептеледі және соттың тәуелсіздігіне қауіп төндіреді. Олар заңға қайшы және әкімшілік әрі қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін», – деп атап өтті сот өкілдері.
Сот азаматтарды сот пен құқықтық тәртіпке құрметпен қарауға, сондай-ақ әділ сот төрелігіне әсер етуі мүмкін әрекеттерден бас тартуға шақырды.
«Сот шешімдері тек заң мен ұсынылған дәлелдер негізінде қабылданады. Ал қысым немесе қорқыту ешқашан шешімге әсер етпейді», – делінген соттың мәлімдемесінде.