Тоқаев ПСЖ президентімен қазақстандық футбол клубтарын жекешелендіру туралы сөйлесті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев УЕФА Атқарушы комитетінің мүшесі және «Пари Сен-Жермен» (ПСЖ) футбол клубының президенті әрі акционері Нассер Әл-Хелаифимен кездесті.
Кездесуде Президент еліміздегі футбол саласын дамыту мәселесіне арнайы тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңда Қазақстанда футбол клубтарын жекешелендіру және бәсекелес орта қалыптастыру бағытында нақты шаралар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Мемлекет басшысы Нассер Әл-Хелаифиге футболды халықаралық деңгейде насихаттауға және осы спорт түрінің дамуына қосқан үлесі үшін алғыс айтты.
Сонымен қатар тараптар Қазақстан мен халықаралық спорт ұйымдарының өзара ынтымақтастығын нығайту мәселелерін талқылады.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Халықаралық падел федерациясымен әріптестігі елде жаңа спорт түрі, паделдің дамуына және оның танымалдығын арттыруға серпін беретініне сенім білдірді.
Еске сала кетейік, бұған дейін елде президент тапсырмасы бойынша бірнеше футбол клубтары жекеменшікке өткендігін жазған едік.