Lifestyle

Халықаралық кинематографты бағындырған қазақстандық актерлер

Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстандық актерлер кейінгі жылдары халықаралық жобаларда жиі төбе көрсетіп жүр. Бұрындары отандық туындылар арқылы жақсы танылған жұлдыздарды шетелдік фильмдерден көріп жатқанымыз үлкен жетістік. Корея, Ресей, Түркиядан бастап, Холливуд пен Еуропаны да бағындырған актерлеріміз бар. Әлем аренасында қазақстандық актерлер мектебінің мықтылығын көрсетіп, бәсекеге қабілетті екенін танытып жүрген жұлдыздарды шолып шыққанды жөн көрдік.

Санжар Мәди

Санжар Мәдиді көпшілік жақсы біледі. 1986 жылы Алматыда дүниеге келген. Экономика және театр режиссері магистрі дәрежесі бар. Нью-Йорктегі кино академиясын тәмамдаған. Оған қоса The Hollywood Immersive шәкіртақысын ұтып алып, АҚШ-та тағы бір мәрте оқыған. Актер түскен фильмдердің ішінде көрермен көңілінен шыққандарына келсек,  «Сказ о розовом зайце» (2010), «Аманат» (2015), «Алтын орда» (2018) және «Әміре» (2018) картиналарын атап өтсек болады.

Актер халықаралық жобаларда аз қатысқан жоқ. Ресейлік «Елки» кинофраншизасында қосалқы рөлге қатысып бастаған, кейін негізгі құрамдардан табылды. Мысалы, «Защитники» жобасында басты рөлді ойнады. Дегенмен постсоветтік суперқаһармандар туралы ресейлік бұл жобаға қатысты сын көп айтылды. Одан кейін «Не чужие» фильміне түсіп, туынды тіпті халықаралық кинофестивальдерге қатысып, прокаты сәтті шықты деуге болады.

Қазақстан мен Арменияның бірігіп түсірген «Ход конем» фильміне де Санжар Мәди түскен еді. Жоба канадалық Pomegranate Film Festival кинофестивалінің жүлдесін иеленді. Ресейде түсірілген «Золотая орда» жобасында Санжар Меңгу Темірдің рөлін сомдады. Бұл картинада Санжардың кейіпкері — Берке ханның ұрпағы, ол қарсыласы Ноғаймен таққа таласады. Ал енді ең ауқымды жобаға келсек, актер Netflix түсірген «Темірлан» картинасын атап өту керек. Ол әзірге жарыққа шықпады. Бірақ түсірілім жұмыстары аяқталған. Мұнда Санжар Әмір Темірдің жан серігінің бірі Джасурдың бірін сомдайды. Түсірілім Өзбекстанда өтті.

Самал Еслямова

Самал Еслямованың есімі жұртшылыққа Сергей Дворцевойдың «Айка» фильмінен кейін таныла бастады. 1984 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың ауданына қарасты Аралағаш ауылында дүниеге келген. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының жанынан ашылған актерлік шеберлік курсына қатысқан студент Самал өнер колледжінің соңғы жылында «Тюльпан» фильміне түседі. Үш жылға созылған түсірілім жұмыстарынан кейін, Еслямова актерлікті тереңірек меңгерсем деген ниетпен Ресейдегі театр өнері институтына (ГИТИС) оқуға түсті. 

Басында атап өткен «Айка» картинасында Самал Қырғызстаннан келіп, Мәскеуде жан бағып жүрген эммигрант қыздың рөлін сомдады. Драма «Үздік шетелдік фильм» аталымында «Оскар» сыйлығына үміткерлер қатарында болды. Бірқатар мықты кинофестивальдің жүлдесін иеленді. Бірақ ең басты жетістік ретінде «Айкадағы» рөлі үшін Канн фестивалінде «Ең үздік әйел рөлін» иемденгенін атап өту керек.

Қазақстандық актрисалардың ішінде мұндай деңгейде жетістікке жеткен актриса әлі жоқ. Самал түскен басқа да картиналарға келсек, «Конокрады. Дороги времени» (2019), «Три» (2020), «Райцентр» (2021) сияқты туындыларға түсті.

Берік Айтжанов

Берік Айтжанов 1979 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Мектеп бітіргеннен кейін, әскерге баруға ниеттенген оны «салмағың жетпейді» деп алмай қойған. 1999 жылы Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға түседі. Айтжановтың фильмографиясында рөл өте көп. Халық, әсіресе, «Ағайындылар», «Ғашық жүрек», «Жаужүрек мың бала», «Тракторшының махаббаты», «Анаға апарар жол» туындыларындағы рөлдерін жоғары бағалады.

Халықаралық жобалары да аз емес. Мысалы, Dеstаn атты түрік сериялында Қытай императорының рөлін сомдаған еді. Сол уақытта Берік Айтжанов Bozdaq кино продакшнымен келісімшарт жасасып, соның арқасында бір жыл бойы түрік жобаларында төбе көрсетті. Kurulus: Osman (Османның құрылуы) деп аталатын тарихи түрік телесериалында Моңғол қолбасшысы Найман рөлінде ойнады. Телесериал жарыққа шыққан соң Astana телеарнасынан көрсетілді.  

Алтынай Нөгербек

Алтынай Нөгербек 1976 жылы Алматыда дүниеге келген. Қазақстандық кино және театр актрисасы, еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан жастар одағының «Серпер» сыйлығының лауреаты. Бір қызығы, актриса көбіне ана рөлдерін сомдайды. Фильмографиясына келсек, «Жерұйық» (2010), «Жан жүрегім — Астана» (2011), «Жат» (2015), «Анаға апарар жол» (2016), «Жұлдыздар тоғысқанда» (2016), «Алтын орда» (2018), «Бақыт құшағында» (2025) жобаларына қатысқан. 

Актрисаның ерекше атап өтуге болатын рөлі – Netflix жобасындағы жұмысы. Мұндай ауқымды жобаға шақырту алған аз актрисалардың бірі – Алтынай Нөгербек. ҚарЛаг туралы туынды испаниялық Бильбао қаласында түсірілді. Бұл фильмге Алтынайдан бөлек, қазақстандық актерлердің ішінде Дина Тасболатова, Сергей Уфимцев және Фараби Ақкөзов те түсті. «Бітім» фильмі 30 қазаннан бастап кинотеатрларға жол тартты.

Санұржан Сүлеймен

Санұржан – бала кезінен кино әлемінде жүрген актерлердің бірі. 1998 жылы Алматыда дүниеге келген. Оны көпшілік «Аңшы баладағы» Қамбардың рөлі арқылы жақсы таниды. Өсе келе Ақан Сатаевтың «Районы» фильміне түсіп, актерлік шеберлігін көрсете білді. Одан бөлек, сәтті жобаларының қатарында «Крылья подаренные матерью», «Шестой пост» и «Время патриотов» туындыларын атап өте аламыз.

2019 жылдан бері Санұржан ресейлік режиссерлермен тығыз жұмыс істей бастайды. Оған дәлел ретінде «Потерянные» сериалы,  «Майор Гром» фильмін айтуға болады. Сонымен бірге «Дети Моря» жапон анимесін де дыбыстаған. Актер қатысқан халықаралық жобалардың енді бірі – «Mevlana. Rumi» атты түрік сериалы. Сериал Жәләл ад-Дин Мұхаммед Руми туралы. Санұржан бұл жобада әкесі тыңшы болып, ақпарат алып отыру үшін жіберген моңғол жігіттің рөлін сомдайды.     

Асқар Ілиясов

Асқар Ілиясов 1996 жылы бұрынғы Ақмолада дүниеге келген. 2017 жылы Щукин атындағы театр институтын тәмамдаған. Кәсіби жолын Мәскеудегі Сатира театрынан бастаған. Жалпы алғанда Асқар алдымен Ресейде танылғанын атап өту керек. Қазақстанда кейіннен ғана жұлдызы жанып, жобаларға шақырыла бастаған. Актер қатысқан алғашқы туындылардың ішінде ресейлік «Тренер» және «Мертвое озеро» бар. Сол фильмдерден кейін Асқарды еліміздегі режиссерлер танып, рөлдер ұсына бастайды. Мысалы  «Бизнесмены», «Станция судьбы» және «Паралимпиец» сияқты жобалардың басты рөлдерін сомдады. Ал ең ауқымды жобасы ретінде Элистада 1988 жылы болған ВИЧ эпидемиясы туралы түсірілген «Нулевой пациент» фильміндегі рөлін айта аламыз.    

Байқағанымыздай, қазақстандық актерлер стримиңдерде, фестивальдер мен халықаралық продакшндарда жиі көрініп жүр. Бұл олардың талантының арқасында ғана емес, оған қоса отандық киноиндустрияның біртіндеп брендке айналып келе жатқанын білдіреді. Жергілікті фильмдерден бастаған актерлерді қазір тіпті Netflix сынды студиялар аттай қалап, шақырып жатыр.