Lifestyle

«16 тілде ән шырқайды»: Димаш Құдайберген CNN телеарнасына сұхбат берді

фото: скрин

Әлемге әйгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайберген әлемдегі ең беделді бұқаралық ақпарат құралдарының бірі CNN телеарнасына тікелей эфирде сұхбат берді.

Сұхбат What We Know with Max Foster бағдарламасында өтті. Тележүргізуші Макс Фостер әншіні таныстыра келе, Димашты «тек Қазақстанда емес, бүкіл әлемде жанкүйерлері бар, алты октавамен 16 тілде ән орындай алатын қазақ әншісі» деп сипаттады.

Сұхбат барысында жүргізуші Димаштан музыкалық білімі, шығармашылық жолы мен ерекше вокалдық диапазоны туралы сұрады. Әнші өз кезегінде ұстазы Марат Айтымовқа алғыс айтып, музыкадағы басты мақсаты қазақ мәдениетін әлемге таныту екенін атап өтті.

Мен әнші болуды ешқашан ақша үшін таңдаған емеспін. Музыка менің өмірімнің мәні, ал басты миссиям – өз халқымның мәдениетін жаһанға паш ету, – деді Димаш.

Сұхбат соңында Димаш өз жанкүйерлерін 12 қараша күні Лондонда өтетін жеке концертіне шақырды.

Бүгін Лондонға келе сала CNN арнасының What We Know with Max Foster бағдарламасына тікелей эфирде қатыстым. Шақырғандарыңыз үшін үлкен рақмет! Барлығыңызды 12 қарашада OVO Wembley Arena сахнасында өтетін концертімде асыға күтемін, Dears! — деп жазды ол Instagram парақшасында.

Еске сала кетейік, бұған дейін Димаш Нью-Йорк, Мехико, Барселона қалаларында концерттерін берген еді.