Жаңалықтар

Түркістан облысында полиция қызметкері пара алды деген күдікке ілінді

полиция
Полиция қызметкері пара алды деген күдікке ілінді / Фото: Shutterstock

Бүгін әлеуметтік желіде Түркістан облысында полиция қызметкерінің ұсталғаны туралы видео тарады. Онда облыстық полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы мен ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің полицейді тексеріп жатқанын байқауға болады. Тексеру кезінде ұсталған қызметкердің қашуға әрекеттенгені көрінеді. Оның Созақ аудандық полиция бөлімінің қызметкері екені және 200 мың теңге пара алғаны жазылды.

Осы видеоға қатысты облыстық полиция департаменті түсініктеме берді.

«Құқыққа қайшы әрекеттер жасады деген күдікпен аудандық полиция бөлімінің қызметкері ұсталды. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факт бойынша болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде» делінген полиция хабарламасында.

Департамент ұсталған полиция қызметкеріне қатысты тәртіптік комиссияның отырысын өткізген. Комиссия шешімімен қызметкер «теріс себептермен» ішкі істер органдарынан шығарылған. Оған қоса басқа жауапты лауазымды тұлғаларға қатысты қызметтік тексеру басталған.