Жаңалықтар

Дағдарыс кезінде жұрт қорқынышты фильмдерді әуес көреді – Стивен Кинг

Үрейлі клоун Пеннивайз, рөлді сомдаған – Билл Скарсгард, «Сол» (It) фильмі / Бильд-редактор: Дастан Шанай

Әлемге әйгілі америкалық жазушы Стивен Кингтің пайымдауынша, елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалы нашарлап, дағдарысқа ұшыраған шақта хоррор жанрындағы фильмдерге сұраныстың артатыны таңғаларлық жайт емес.

Автордың туындыларын кино тіліне бейімдеп шығарамын деушілердің саны азайған емес: биылдың өзінде Кингтің төрт романы мен екі әңгімесі экранизацияланып, көрерменге жол тартты. Мұндай сұраныстың саябырсымай тұрғанына бірден-бір себеп – жазушының оқиғаны мейлінше көрнекі етіп жеткізуі әрі Голливуд «ережелеріне» қарсылық білдірмей, режиссерлердің жұмысына араласпауы екен.

Алмағайып кезеңдегі хоррор

Бертінде Кинг шығармалары желісімен фильм түсіруге жаңа серпін берген туынды – оның әйгілі «Сол» (It) атты романының режиссер Энди Мускетти жасаған жаңа (2017 ж.) экранизациясы еді. Көрерменнің үрейін алатын, оғаштана езу тартқан клоун Пеннивайздың бейнесі талай баланың жадында. Бұл кейіпкерді алғаш сомдаған (1990 ж.) көрнекті актер Тим Карри еді, жаңа экранизацияда бұл рөл жас актер Билл Скарсгардқа бұйырды. Осындай шебер актерлердің арқасында Пеннивайз күллі әлем танитын Фредди Крюгер, Джэйсон Вурхиз пен Майкл Майерс сынды аңыз кейіпкерлердің қатарына қосылды.

Қазіргі заманғы хоррор жанрының атасы саналатын Кингтің ойынша, қиын-қыстау кезеңде осы жанрдың «тасы өрге домалайтыны» тегін емес.

«Күйзеліс қысқан шақта жұрттың қорқынышты фильмдерге көңілі ауатыны бекер емес. Шын өмірдегі азық-түлік бағасын көріп, шошымай тұрғанда экрандағы ойдан шығарылған хикаядан үркіп, шер тарқатып алған жақсы ғой,» – дейді ол.

Кітаптан – фильмге дейін

Кинг – хат танымай тұрып, теледидар мен кино әлемінің жауһарларынан сусындап өскен ұрпақтың өкілі. Болашақ қаламгерге жазба мәтіннің емес, әуелі экрандағы бейне-кескіндердің әсері зор болған-ды. Оның жазу стилінен киноға тән визуалдық көріністер анық байқалады: әр фрагмент камера түсіріп алған кадр іспетті, күнделікті өмірде көріп жүрген жайттар бірден еске оралады.

Жазушы оқиға кейіпкері дәрі ішсе, нақты қандай дәрі-дәрмек алғанын; сыра ішсе, оның нақты қай түрін (мысалы, Budweiser немесе Pabst Blue Ribbon) таңдағанын айтады. Кинг туындыларындағы осындай реализмге біраз атақты режиссер тәнті болып, оның романдарын экранизациялауға бел буған.

Автор жас қаламгерлерге қағаз бетіне түсіретін көріністі кадрға сыйғызғандай толық сипаттап, сол жақта, оң жақта не барын нақты суреттеп беру керек дейді.

«Осы шаруаны тыңғылықты атқарып шықсаңдар, кадр ортасындағы көрініс өзі-ақ ретке келеді,» – дейді Кинг.

Тағы бір айта кетерлік маңызды жайт, Кинг «мен автормын» деп дандайсымайды, экранизация процесіне араласпайды. Кітап пен оның экранға бейімделген нұсқасына келгенде, біріншісін екіншісі бұлжытпай қайталауы керек деген шарт жоқтығын айтады. Жазушы экранизацияланатын туындысына – ер жеткен баласын колледжге жіберетін әкедей қарайды, яғни «сүйегі менікі», қалғанын тағдыр еншісіне қалдырдым деген үмітпен еркіне қоя береді екен.