Абай облысында 1,1 мың гектар жерге жаңа ықшам аудан салынады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Берік Уәли мұндай ауқымды құрылыс бұрын-соңды Семей қаласында жүргізілмегенін айтты/фото: ОКҚ

Абай облысында Smart City ауданы пайда болады. Бұл туралы облыс әкімі Берік Уәли орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

Берік Уәлидің сөзінше, Семейде 1981 жылы «Абай театры» салынған. Одан бері қалада бір де бір мәдени нысан бой көтермеген.

«Өте аянышты жағдай. 1981 жылдан бері кинотеатр да салынбаған. Жылауға болатын жағдай. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Абайдың 180 жылдығы аясында «Абайға құрмет» акциясын бастадық. Енді жаңа ғимараттар салынады. Оны Smart City ықшам ауданы деп атаймыз. Қаланың бір жерінде жылу жетіспейді, бір жерінде электр энергиясы жоқ. Жер де жетпейді. Қаланың шетінен 1100 гектар жерге жаңа ықшам аудан салу туралы шешім қабылдадық», – деді Уәли.

Айтуынша, мұндай ауқымды құрылыс бұрын соңды Семей қаласында жүргізілмеген.

«Құрылысты жобалауға шетелдік мамандарды да, қазақстандық мамандарды да тарттық. Жұмысқа Астана, Түркістанның бас жоспарымен айналысқан азаматтар қатысып жатыр. Қаланың бас жоспарына өзгеріс енгізіледі», – деді облыс әкімі.

Қандай нысандар салынады?

Маңғыстау облысы «Достық» үйін, Атырау облысы «Абай әлемі» ғимаратын, Павлодар облысы үстел теннисі орталығын, ШҚО Ертістің бір жақ жағалауын абаттандырып, жағалау салып береді.

Шымкент қаласы шығармашылық орталық ғимаратын, Түркістан облысы көрме орталығын, Ақтөбе облысы жекпе-жек сарайын, Астана қаласы бір «келешек мектеп» салуға уәде берген.

Алматы қаласы әкімдігі жаңа медиа орталық ғимаратын салып береді. Қарағанды қаласы Ботаникалық бақ, БҚО саябақ, СҚО Рәміздер алаңын салады.

Әкімнің сөзінше, жұмыс 2-3 жыл ішінде аяқталады.

Сондай-ақ оқыңыз