Lifestyle

«Қытайдан қорқуды қою керек»: Берік Уәли Алакөлге турист тарту туралы айтты

Алакөлде күн сайын 20 мың адам демалады/фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Алакөлде күн сайын 20 мың адам демалады. Абай облысы әкімі Берік Уәлидің айтуынша, жаңа демалыс маусымына дайындық басталды.

«Бір аудан әкімдігінің Алакөлді күтіп ұстауға шамасы жетпейді. 2018 жылдан бері Алакөл жағалауына ақша салынбаған. Биыл көктемде 1 млрд теңге қаржы қарастырып, жағалау, арбат, киім ауыстыратын орындарды жаңарттық», – дейді Берік Уәли.

Облыс әкімі биыл жұмыс кеш басталғанын айтты. 30 тамызда жабылу маусымы болған. 1 қыркүйекте жаңа маусымға дайындық басталған. Осылайша, Алакөлдің тазалығы, басқа да жұмыстарға жауапты болатын жеке мекеме құрылатын болды.

«Алакөлдің бас жоспарына өзгеріс енгізіліп жатыр. Әзербайжан, Қытай инвесторларына жер бөлінеді. Олар қонақүй, жүз үй саламыз деп жатыр. (…) Қытайдан турист тарту жоспарымыз бар. Әлем Қытай туристеріне таласып жатыр. Қытайдан қорқу дегенді қою керек. Визасыз келіп, демалуына жағдай жасауымыз керек», – дейді облыс әкімі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алакөл туристерді қабылдауға дайын емес екенін айтты. Артынша Олжас Бектенов шұғыл жиын өткізіп, Ермек Көшербаевты өңірге жіберді.