
Қазақстанда 20 мыңнан астам ресейлік компания жұмыс істеп тұр. Осының нәтижесінде жаңадан ондаған мың жаңа жұмыс орны ашылған. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Российская газетаға» жариялаған мақаласында айтылған.
Президенттің сөзінше, Қазақстан – Ресей арасындағы ынтымақтастықта энергетиканың рөлі ерекше.
«Бірлескен күш-жігердің нәтижесінде Ресей энергия ресурстары транзиті Қытай мен Орталық Азия елдеріне үздіксіз қамтамасыз етіліп отыр. Ірі энергетикалық нысандардың құрылысы жүргізіліп, жаңғыртылып жатыр. Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының құрылысы «Росатом» басқаратын халықаралық консорциумның қатысуымен жүзеге асырылады», – деген Тоқаев.
АЭС құрылысы жоба технологиялар трансфері, маман даярлау, жаңа жұмыс орындарын ашу, машина жасау салаларын дамытуда жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
Декларацияға қол қойылады
Президенттің Мәскеуге сапары барысында Қазақстан мен Ресей арасындағы қатынастарды жан-жақты стратегиялық әріптестік пен одақтастық деңгейіне көтеру туралы Декларацияға қол қойылады.
«Бұл құжат екіжақты байланыстың жаңа дәуірін бастап, бұрын-соңды болмаған өзара сенім деңгейін және барлық бағыт бойынша неғұрлым тығыз ынтымақтастыққа дайын екенімізді айғақтайды», – деген Қазақстан президенті.
Ресей Федерациясы елдің ең ірі сыртқы сауда серіктестерінің алғашқы үштігіне кіреді. Қазақстан да Ресейдің негізгі бес сауда серіктесі қатарында. Екі ел арасындағы тауар айналымы 30 мдрд АҚШ долларына жуықтаған.
Қазақ жастары бірнеше тіл біледі
Тоқаев мақаласында қазақстандықтардың бірнеше тілді білетініне де тоқталған.
«Қазақстанда ондаған мәдениет қатар өмір сүріп, бірін-бірі өзара байытып отыр. Елімізде қоғамның әлеуметтік-саяси, ғылыми-білім беру және рухани өмірінің ажырамас бөлігі орыс тіліне айрықша құрмет пен қолдау көрсетіледі.
Орыс тілін қолдауды біз халықтар арасындағы диалог пен сенімді нығайтатын кең ауқымды гуманитарлық ынтымақтастықтың бір бөлігі ретінде қарастырамыз. Дәл осы себепті Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйым құру бастамасын көтердім.
Қазақстандық жастар бірнеше тіл білуі керек деп санаймын. Ол қазақ, орыс, сондай-ақ ағылшын, қытай және басқа да тілдерді меңгеруі керек. Бұл – жаһандану дәуірінде табысқа жетудің маңызды шарты», – деді Тоқаев.
Айта кетейік, Тоқаев 11-12 қарашада Мәскеуге барады.