Семейде жылу мәселесі қалай шешіліп жатыр

Абай облысы әкімі Берік Уәли өңірдегі жылу беру мәселесі қалай шешіліп жатқанын айтты.
«Апат айтып келмейді. Өңірдегі жылу желілері тозған. Жаз бойы жұмыс істедік. 46 қазандықтың әрқайсысында проблема бар. Келешекте бір жылу электр станциясы салынса, жылу қазандықтары жұмысы тоқтайды, бәрі ЖЭС-ке қосылады.
Тұрба жарылуы, оны тез қалпына келтіру – ірі қалалар үшін қалыпты жағдай. Бұл бағыттағы жұмысты күнделікті бақылап отырамыз», – дейді Берік Уәли орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Сөзінше, Семей, Аягөздегі жылу қазандықтарын ауыстыруға Үкімет резервінен 7,5 млрд теңге бөлінген. Жұмыс жазда аяқталған.
«Биыл жылу 29 қыркүйекте берілді. Әдетте қазанның ортасында қосылатын. Қандай да бір ақау болса, қалпына келтіру үшін алдын ала қосылды», – дейді облыс әкімі.
Айта кетейік, Семей және Өскемен қалаларындағы жылу электр орталықтары (ЖЭО) құрылысы 2026 жылдың наурызында басталады. «Самұрық-Энерго» компаниясы осы мерзімге дейін барлық дайындық шарасын аяқтап, құрылысқа толықтай кірісуге тиіс.