
Ақтөбе облысында Хромтау қаласының әкімі Сағындық Шабықбаев пара алды деген күдікпен ұсталып, тергеу аяқталғанға дейін қамауға алынды, деп хабарлайды «Қазақпарат«.
Агенттікке ақпарат берген Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметінен хабарлауынша, Хромтау қаласының әкімі Сағындық Шабықбаев алдағы екі айды тергеу изоляторында өткізеді. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің «пара алу» бабы бойынша күдікке ілінген.
«Сот екі айға қамауға алуға рұқсат берді. Басқа ақпарат жария етілмейді», – деп хабарлады Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі.
40 жастағы Сағындық Шабықбаев әкім қызметіне екі жыл бұрын келген. Бұған дейін ол әкімнің орынбасары қызметін атқарған. Еңбек жолын 2008 жылы Әйтеке би ауданының Халыққа қызмет көрсету орталығында бастаған. 2016 жылы әкімдікте жұмыс істеп, 2017 жылдан бастап Хромтау ауданы әкімінің аппаратында, ал 2018 жылдан 2023 жылға дейін қала әкімінің орынбасары қызметін атқарған.