
«Хуторлық» деген атпен белгілі Хасан Қасымбаев 12 жылға сотталды, деп хабарлайды KursivMedia тілшісі сот залынан.
Хасан Қасымбаевтың есімі жасөспірім Шерзат Полаттың қазасынан кейін атала бастады. Талғардағы қылмыстың «Хуторлықтар» ұйымдасқан қылмыстық тобымен байланысы бары айтылды.
Қасымбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі 20 тамызда басталды. Сотталушылар қатарында алты адам бар. Олар: Хасан Қасымбаев, Руслан Әлиев, Мадияр Қалимжанов, Сайлау Ақтанов, Нұрмұхамет Сұлтанбеков және Данияр Аскаров.
Оларға Қылмыстық кодекстің үш бабы – адам ұрлау, қасақана ауыр дене жарақатын келтіру, қорқытып алу әрекетін жасады деген айып тағылған. Қасымбаев үш бап бойынша да кінәлі деп танылды.
Жарыссөзден кейін Қасымбаевтың туыстары Алматы облыстық соты алдында «әділетсіз үкім шығарған жағдайда өзімізді өртейміз» деді.