98 тонна алтын мен 36 мың тонна мыс бар: биыл жаңа 5 кен орны ашылған

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Жаңадан 5 кен орны ашылған / Фото: shutterstok, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанда кейінгі жылдары 100 тоннаға жететін алтыны мен 36 мың тонна мысы бар 5 кен орны ашылған. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан хабарлады.

Иран Шарханның айтуынша, Көк-Жон (Болаттөбе учаскесі), Алтын-Шоқы, Сәмембет, «Студент» және Тақыр-Қалжыр кен орыны жаңадан мемлекеттік есепке алынған. Нәтижесінде алтын қоры 98 тоннаға, мыс – 36 мың тонна, марганец – 11 миллион тонна, ал фосфорит қоры 1,3 миллион тоннаға артқан.

Қазіргі кезде ел аумағында 103 түрлі пайдалы қазба шамамен 10 мыңға жуық кен орнында игеріліп жатыр. Қатты пайдалы қазбалар бойынша 2 907 лицензия мен 251 келісімшар бар. Тек биылдың өзінде барлауға – 707, ал өндіріске 22 лицензия берілген.

Вице-министрдің айтуынша, геологиялық барлау аумағын 2026 жылға қарай 2,2 миллион шаршы километрге дейін кеңейту жоспарлап отыр. Қазір 2 миллион 14 мың шаршы километр аумақ зерттелген, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 2 миллион 38 мың шаршы километрге дейін жетпек.

20 жобаны дайындауға бюджеттен 240 млн теңге бөлінген.

Сонымен қатар Иран Шархан геология саласында жүргізіліп жатқан реформалар саланың ашықтығын арттырып, инвестиция көлемінің жыл сайын өсуіне ықпал ететінін мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз