Жаңалықтар

4,9 трлн теңгелік инвестиция: Үкімет нақты жобаларды бекітті

инвестиция
Жаңа бағдарлама нені көздейді / Фото: shutterstock.com

Қазақстанда келесі жылдан бастап «Инвестицияға тапсырыс» бағдарламасы іске қосылады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Үкіметте Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен «Инвестицияға тапсырыс» бағдарламасы шеңберінде экономиканың басым бағыты бойынша жобалар пулын қалыптастыру мәселесі талқыланды.

Жаңа бағдарлама

«Инвестицияға тапсырыс» – халық арасында сұранысқа ие, көбі импортқа шығарылатын тауарларды өндіру үшін ШОБ және жеке сектордағы ірі бизнестің инвестициялық жобаларын қолдауға арналған мемлекеттік жаңа бағдарлама. Бұл – негізінен АӨК және өңдеу өнеркәсібі саласының тұтыну тауарлары. Мемлекет импортты алмастыру және экспортқа тауар өндіру әлеуеті жоғары перспективалық салаларды, ал өңірлер оларды жүзеге асыруға қабілетті нақты жобалар мен бизнесті айқындайды. Жобалардың тиімділігін талдау және оларды қаржыландыру «Бәйтерек» холдингінің құралдары мен тетіктері арқылы жүргізілмек.

«Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктерімен бірлесіп, өңірлердің өндірістік әлеуетіне талдау жүргізілді. АӨК жобалары бойынша инвестициялық портфель қалыптастырылып, оған жалпы құны 4,3 трлн теңгені құрайтын 202 жоба енді», – дейді ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы.

Бұған қоса, өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков импортқа тәуелділігі жоғары тауарлардың 26 түрі: мақта маталар, мектеп формасы, аяқ киім, сантехника, тұрмыстық техника, косметика және гигиена құралдарын өндіруге 600 млрд теңгеден астам сомаға 67 инвестициялық инвестициялық жоба ұсынды. Яғни жалпы инвестициялық жоба сомасы 4,9 трлн теңгені құрайды.

АӨК саласының «Инвестицияға тапсырыс» шеңберіндегі жобалар пулына тауарлы сүт фермаларын салуды жалғастыру, етті мал шаруашылығы мен құс шаруашылығын дамыту, сүт, ет, тері және жүн өңдеу, жылыжай салу, көкөніс, жеміс-жидек пен картопты қайта өңдеу, қант өнеркәсібі мен астықты терең өңдеуді дамыту, балық өңдеу кәсіпорындарын құру кіреді.

Жобалар

Атап айтқанда, қант импортына тәуелділікті төмендету үшін «QAZAQARAB SUGAR» ЖШС және «Asyl Farms» ЖШС қант өндіру бойынша 5 жоба жоспарланып отыр. Құс еті бойынша – 24 жоба ( «AITAS KZ» АҚ, «Eco Broiler Ltd» ЖШС және басқалары), шұжық өнімдерін өндіру бойынша – «СТЕРХ» ЖШС және «С-Болашақ» ӘКК-тің 3 жобасы.

Астықты терең өңдеу бойынша «Tiryaki Holding» түрік компаниясы Астанада астық және бұршақ дақылын терең өңдеу бойынша интеграцияланған агроөнеркәсіп кешенін салу жобасын жүзеге асыруда. Өңдеу қуаты – 240 мың тонна бидай мен 80 мың тонна бұршақ. Жобаның құны – 320 млн доллар, жүзеге асыру мерзімі 2028 жылға дейін болмақ.

Инвесторларды іріктеу қаржылық тұрақтылық, салалық тәжірибе және өндірісті локализациялау деңгейін ескере отырып жүргізіледі.