АҚШ-пен бірге вольфрам өндіретін кен орындары JORC стандартына сай есепке қойылады

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: kursiv.media архиві

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан геология саласында жүргізіліп жатқан реформалар саланың ашықтығын арттырып, инвестиция көлемінің жыл сайын өсуіне ықпал ететінін мәлімдеді.

Үкімет отырысында баяндама жасаған Иран Шархан қазірде ірі инвестициялар геологиялық барлауда тәжірибесі мол «Тау-Кен Самұрық» компаниясы арқылы тартылып жатқанын айтты. Компания Fortescue, Esan сияқты ірі халықаралық серіктестерді тартып, жиырма бір бірлескен кәсіпорын құрды. 72 млрд теңгеден астам инвестиция салынды және сегіз кен орны зерттеліп, мемлекеттік балансқа алынған.

«Қазіргі уақытта бес пилоттық жоба – Жосабай, Құйрықтыкөл, Қаратас, Нұра-Талды, Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты учаскелерінде жұмыс жүргізілуде. 2028 жылы бұл жобалар бойынша қорларды JORC стандартына сай есепке қою жоспарланып отыр», – деді Иран Шархан.

Осыған орай мемлекет мүддесін қорғау үшін «Тау-Кен Самұрыққа» жер қойнауын пайдалану бойынша басым құқық беру қарастырылып жатыр.

JORC стандарты («Joint Ore Reserves Committee Code») – геология мен тау-кен саласында минералдық ресурстар мен кен қорының есептелу және жариялану ережелерін белгілейтін халықаралық кәсіби стандарт.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан ірі вольфрам кен орнын америкалық компаниямен бірлесіп игеретіні жайлы жазғанбыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа сапары аясында жасалған ірі келісімдердің бірі – Қарағанды облысындағы вольфрам кен орнына инвестиция салу болды.

АҚШ-тың тау-кен саласына инвестиция салатын Cove Capital компаниясы Қазақстанның орталығы ірі вольфрам кен орындары – «Солтүстік Қатпар» және «Жоғарғы Қайрақты» жобаларын игеру жөнінде келісімге келген.

Сондай-ақ оқыңыз