
Үкіметтегі баспасөз конференциясында «СҚ-Фармация» ЖШС басшысы Нұрлыбек Асылбековтен журналистердің бірі айлығы қанша екенін сұрады.
Бұған дейін компанияның алдыңғы басшысы айына 1,4 млн теңге алатынын мәлімдеген болатын. Ал 2024 жылғы қаржы есебінде топ-менеджмент сыйақысы 20 млн теңгеге артқаны көрсетілген.
«Сіздің алдыңыздағы басшы өзінің айлығы 1,4 млн теңге екенін хабарлаған. Қазір есептерде топ-менеджменттің сыйақысына 20 млн теңгеге өсім бар. Сонда сіздің айлығыңыз өсті ме?» – деп сұрады журналист.
Асылбеков бұл сауалды «қызық сұрақ» деп атап, өзінің жалақысы бұрынғы шамада екенін айтты.
«Айлығым сол маңайда – шамамен 1,4–1,5 млн теңге. Компания айлық қорын не үшін арттырады? Себебі біз жаңа мамандарды тартамыз. Ал басшылық пен басқарма мүшелерінің айлығы бұрынғыдай», – деді ол.
«Шынымды айтсам, аз»: Вице-министр дәрігерлер жалақысы жайлы
Сонымен қатар Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратовқа медицина қызметкерлерінің табысына қатысты сұрақ қойылды.
«Әлеуметтік желіде медициналық мекемелердің бірінде жұмыс істейтін әйел қазан айында бар болғаны 120 мың теңге алғанын жазды. Сіздіңше бұл қалыпты айлық па? Бұл – медицина қызметкеріне лайық жалақы ма?» – деп сұрады тілші.
Вице-министр медицина қызметкерлерінің айлығы аз екенін жасырмады.
«Шынымды айтсам, аз. Біз дәрігерлерге аз төлейміз. Негізі медицина – бүкіл әлемде жоғары жалақы төленетін мамандықтардың бірі. Бірақ елдегі қазіргі экономикалық жағдайды да түсіну керек. Өкінішке қарай, біз әзірге дәрігерлерге одан көп төлей алмаймыз. Дегенмен, барлық медициналық ұйымдардың шаруашылық жүргізу құқығы бар, сол арқылы қосымша қызмет көрсетіп, өз табысын арттыруға мүмкіндік беріледі», – деді Тимур Мұратов.