Жаңалықтар

Шетел туристері Қазақстанда ақшасын көбінесе қайда жұмсайды

Фото: kursiv.media архиві

Қазақстанға келген шетелдік туристер өз шығындарының басым бөлігін қоғамдық тамақтану саласына жұмсайды. Бұл – елдің гастрономиялық туризмге тартымдылығы артып келе жатқанын көрсетіп отыр.

Kazakh Tourism компаниясы шетелден келушілердің шығын құрылымына талдау жасады. Деректерге сәйкес, орта есеппен шетелдік туристер өз қаражатының 27 пайызын тамақтануға, яғни мейрамхана мен дәмханаларға жұмсайды.

Тағы 23 пайыз қаржысы қонақүйлер мен басқа да орналастыру орындарына бағытталады. Бұл – елдің қонақжайлылық индустриясына деген сұраныстың артқанын білдіреді.

Саяхатшылар шығындарының тағы 23 пайызы азық-түлік, кәдесыйлар мен жергілікті өндіріс тауарларын сатып алуға жұмсалады.

Шетелдік меймандар қаражатының 12 пайызы әуе тасымалына, ал 4 пайызы көлік жалдауға және елдің табиғи нысандарымен танысуға кетеді. Тағы 4 пайызы спорттық және мәдени іс-шараларға қатысуға жұмсалады.

«Шетелдік меймандардың елімізде жұмсайтын қаражат құрылымы туризм индустриясының, шағын және орта бизнестің, сондай-ақ қызмет көрсету салаларының дамуына серпін беріп отыр», – деді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы.

Сондай-ақ орта есеппен туристер шығындарының 3 пайызы зергерлік бұйымдар, өнер туындылары мен антиквариат сатып алуға бағытталады.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанға Оңтүстік Кореядан келген туристер саны 20%-ға өскенін жазған едік.