Шығыс Қазақстандағы жаңа мұнай кен орындары игеріле бастайды

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: kursiv.media архиві

Шығыс Қазақстан облысындағы бірқатар мұнай кен орындары игеріле бастайды. Бұл туралы Үкіметте Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев айтты.

Тұтқышбаевтың айтуынша, ауыр және тақтатас мұнай сияқты қиын алынатын қорларды игеруді ынталандыру мақсатында күрделі жобаларды әзірлеуге жатқызу критерийлері түзетулермен кеңейтілген. Осы түзетулерді қабылдаудың арқасында орта мерзімді перспективада 18,7 млн. тонна көлемінде АВС1 + С2 санаты бойынша алынатын мұнайдың жиынтық қорлары бар Шығыс Қазақстан облысындағы бірқатар кен орындарын тартуға және іске қосуға мүмкіндік беріледі.

«Биыл 5 қарашада екінші оқылымда заң жобасын Парламент Мәжілісінің депутаттары қолдады», – дейді ол.

Әңгіме мұнда Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы «Сарыбұлақ» кен орыны туралы айтылып отырған болуы да мүмкін. Депутат Ермұрат Бапи аталған кен орынын игеруге болатынын айтып, инвесторларды қолдап, бұрын Үкіметке сауал жолдаған еді.

Қазақстанның шөгінді бассейндерін кешенді зерттеу нәтижелері бойынша алынатын шартты отын ресурстары шамамен 76 млрд. тоннаны құрады, оның 6 млрд. тоннасы аз зерттелген және келешегі аз бассейндерде.

Тұтқышбаевтың сөзінше, инвесторлар аз зерттелген аумақтарды зерттеуге қызығушылық танытпайтындықтан, заң жобасында жұмыстардың ең аз көлемі орындалған жағдайда жер қойнауын пайдаланушыға геологиялық зерделеу кезеңінен барлау кезеңіне өтудің кепілді құқығын бекіту көзделген.

Сондай-ақ оқыңыз