Қатар инвесторына сатылған Bereke bank 9 айда табысын үштен бір есе арттырған

Bereke Bank ( Lesha Bank LLC еншілес ұйымы) 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында таза пайдасын 34,7 млрд теңгеге жеткізді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 25,9 млрд теңгемен салыстырғанда 34%-ға артық.
Бантің аралық қаржы есебіне сәйкес, таза пайыздық табыс 2025 жылдың тоғыз айында 128,6 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 29%-ға артық. Пайыздық кіріс 319,2 млрд теңгеге дейін өссе, пайыздық шығыстар 190,6 млрд теңгеге жетті. Несие портфелі бойынша резерв көлемі 34,9 млрд теңге болды.
Операциялық кіріс 118 млрд теңгені құрап, қызметкерлерге кеткен шығын мен әкімшілік шығыстардың өсуіне қарамастан, банк табыстылығын сақтап қалған.
30 қыркүйектегі жағдай бойынша Bereke Bank активтері 2,52 трлн теңгеге жетіп, жыл басымен салыстырғанда шамамен 76 млрд теңгеге артты. Активтердің негізгі бөлігін клиенттерге берілген кредит (1,21 трлн теңге) және инвестициялық бағалы қағаздар (331 млрд теңге) құрады.
Банк міндеттемелері 2,31 трлн теңгеге тең болды. Жеке тұлғалардың салымдары 828,6 млрд теңгеге дейін өсіп, жыл басынан бері 26%-ға артты. Корпоративтік клиенттердің қаражаттары 895,9 млрд теңге деңгейінде сақталды. Борыштық бағалы қағаздар бойынша міндеттемелер 317 млрд теңгеден 204 млрд теңгеге дейін төмендеді.
Банк капиталының жалпы көлемі 207,6 млрд теңгеге жеткен (жыл басында – 182,7 млрд теңге). Оның ішінде жарғылық капитал – 51,5 млрд теңге, ал бөлінбеген пайда – 138,1 млрд теңге.
Bereke Bank 1993 жылы Қазақстан заңнамасына сәйкес тіркелген. 2023 жылдың соңына дейін банктің жалғыз акционері «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі болды. Осы кезеңде банкті түпкілікті бақылаушы тарап — Қазақстан Үкіметі еді.
2024 жылдың 8 қазанында катарлық Lesha Bank LLC (Public) компаниясы Bereke Bank акцияларының 100%-ын сатып алды. ҚАЗІР Bereke Bank-тің жалғыз акционері – Lesha Bank LLC (Public).