
Сауд Арабиясының Қажылық және ұмра министрлігі Қазақстанға 2026 жылға 4 мың орын бөлінгенін ресми түрде жариялады. Бұл туралы Kursiv.Media мүфтият мәліметіне сүйене отырып хабарлады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Сауд Арабиясына барып, осы елдің қажылық және ұмра министрі Тауфиқ ибн Фаузан ар-Рабиамен Жидда қаласында кездесті. Жүздесу барысында 2026 жылы республикаға 4 мың қажылық квотасы бөлінгені мәлім болды. Бұл 2025 жылға қарағанда аз көрсеткіш. Биыл Қазақстан 4,5 мың орын алған еді.
«Кездесуде тараптар 2026 жылғы үлкен қажылық маусымын жоғары деңгейде ұйымдастыру мәселелерін жан-жақты талқылады», – деп таратты мүфтият.
Бас мүфти қажылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қызмет сапасын арттыру, орналастыру және көлік жүйесін жетілдіру, сонымен бірге ақпараттық және медициналық қызмет көрсетуді тиімді үйлестірудің маңыздылығына тоқталды.

Бұған қоса, визасыз, яғни заңсыз жолмен қажылық ұйымдастыруға тырысатын фирмалардың қызметіне тосқауыл қою мәселесі талқыланды. Екі тарап өзара ынтымақтастық пен ақпарат алмасуды күшейтуге уағдаласты.
«Сауд Арабиясы қажылық қызметін ұйымдастыруда жыл сайын жаңа технологиялар мен тиімді шешімдерді енгізіп келеді. Бұл қажылардың сапарын жеңілдетіп, қызмет сапасын арттыруға жол ашады. Алдағы маусымның да табысты өтуіне сенім мол», – деді бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Ресми кездесуден кейін тараптар 2026 жылғы үлкен қажылық маусымын ұйымдастыруға қатысты екіжақты келісім құжатына қол қойды.
Жақында ғана діни басқарма 2026 жылдың діни күнтізбесін жариялаған. Қажылық сапар туралы білгіңіз келсе, Kursiv.Media мақаласын оқыңыз.