«Қазіргі заманның батыры»: вице-министр жарақат алған фельдшердің жайын айтты

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
больница Астана
фото ЖИ

Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов Астанада басына кондиционер құлап, ауыр жарақат алған фельдшердің әрекетін ерлік деп бағалады. Қазір ол реанимацияда, жағдайы өте ауыр.

Оның айтуынша, жарақат алған фельдшер сол сәтте бар мүмкіндігінше дұрыс шешім қабылдаған.

«Иә, қауіпсіздік ережелері мен нұсқаулықтар бар. Бірақ, соған қарамастан, кейде адамдардың бойындағы адамгершілік пен кәсіби жауапкершілік алдыңғы орынға шығады. Біздің әріптесіміз дәл сол сәтте өз денсаулығын ойламай, көмекке мұқтаж адамға қол ұшын созды. Бұл – қазіргі медицина қызметкерлерінің шынайы бейнесі», – деді вице-министр.

Тимур Мұратов әріптесінің әрекетін «қолынан келгенінің бәрін істеді» деп бағалап, оны батылдық пен кәсіби борышқа адалдықтың үлгісі деп атады.

«Кез келген медицина қызметкері, ең алдымен, өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс. Бұл – нұсқаулықта көрсетілген талап. Бірақ кейде адамгершілік пен жанқиярлық алдыңғы қатарға шығады», – деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, жарақат алған фельдшерге шұғыл түрде ота жасалған.

«Қазір оның жағдайы өте ауыр. Науқас реанимацияда, өмірлік маңызды функцияларын қолдау үшін қажетті барлық шаралар жүргізіліп жатыр. Нейрохирургиялық көмек толық көлемде көрсетілді. Біз оның тезірек сауығып, қатарымызға оралуын тілейміз», – деді Тимур Мұратов.

8 қараша күні Астанадағы тұрғын үйдің қасбеті құлаған. Сол кезде комекке келген екі фельлдшердің басына кондиционер құлап, жалпы 5 адам жарақат алған. Екі фельдшер ауыр жағдайда ауруханаға түскен.

Сондай-ақ оқыңыз