Жаңалықтар

Қостанай облысында экологиялық таза авиаотын шығаратын зауыт салынады

Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қостанай облысының Рудный қаласында Sustainable Aviation Fuel (SAF) – экологиялық таза авиаотын өндіретін зауыт салынбақ.

Қазақстан Үкіметі экологиялық таза авиаотын өндірісін жолға қою бойынша америкалық LanzaJet компаниясымен ынтымақтастық орнатқан. Премьер-министр Олжас Бектенов компанияның бас директоры Джимми Самариц пен коммерциялық вице-президент Стефан Тионмен кездесу өткізіп, өнеркәсіп және технологиялық серіктестік мәселелерін талқылады.

LanzaJet компаниясы биоэтанолдан авиаотын өндірудің озық технологиясын ұсынады. Этанол әртүрлі органикалық шикізаттан (дәнді дақылдар, жүгері, картоп және басқа ауылшаруашылық өнімдері) өндіріледі. Болашақ кәсіпорынның жылдық қуаттылығы 54 мың тонна авиаотын және 100 мың тоннаға дейін биоэтанол өңдеу көлемін қамтиды. Қазіргі таңда зауыттың техникалық-экономикалық негіздемесі (ТЭН) дайын.

Биологиялық авиаотын өндірісі — Қазақстанның климаттық және энергетикалық саясатының басым бағыттарымен үндес. SAF технологиясы көміртегі шығарындыларын азайтып, әуе тасымалының экологиялық ізі мен отын тәуелділігін төмендетуге мүмкіндік береді.

LanzaJet — Чикаго қаласында орналасқан LanzaTech биоинжинирингтік компаниясының еншілес құрылымы. Компанияның негізгі инвесторлары қатарында International Airlines Group, Mitsui & Co., Shell, Suncor Energy, British Airways, Microsoft, Airbus, All Nippon Airways (ANA) және Breakthrough Energy сияқты ірі халықаралық корпорациялар бар.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та үкіметке елді халықаралық авиациялық хабқа айналдыруды және транзиттік әлеуетін дамыту жөнінде тапсырма берген. Соған сәйкес, жыл басынан бері қос тарап ынтымақтастық мәселелелін талқылап келеді.